Таразда жетімдердің есепшотынан ақша жымқырған алаяқ әйел ұсталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы Жасөспірімдер үйінің түлегі алаяқтықпен айналысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараз қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі алаяқтықтың бес фактісін жасады деген күдікпен 25 жастағы әйелді ұстап, уақытша изоляторға қамады.

Күдікті пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен үш миллионнан алты миллион теңгеге дейінгі соманы иемденген.

«Күдікті облыстық жасөспірімдер үйінің түлегі бола тұра, осы мекеме түлектерінің шотынан мемлекет тарапынан жылжымайтын мүлік сатып алуға бөлінген ақшалай қаражатты қолды қылуға қатысқан. Тараз қаласы ПБ тергеушілері әр қылмыстың мән-жайын және күдіктінің кінәсінің дәлелдерін анықтау жолында аянбай еңбек етеді» делінген ведомтсво хабарламасында.