Сапар барысында облыс әкімі «Әмір және Д» ЖШС қоймалары бар фармацевтикалық өндіріс кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мұнда экспресс тест пен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығарылады.
Жобалық қуаты – жылына 15 миллион экспресс тест, 1,5 миллион бақылау ерітіндісі және зарарсыздандыруға арналған 50 мыңға жуық орама.
Серіктестік басшылығының айтуынша, жаңа өндіріс кешенінде 150-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
Осылайша ұйымның ауқымы кеңейіп, жалпы әкімшілік-басқару персоналы, бухгалтерия, дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоймасы, оларды сату және сатып алу, әкімшілік-шаруашылық, рецептуралық-өндірістік, ақпараттық-технологиялар бөлімдері мен дәріханалардан құралады.
Бердібек Сапарбаев фармацевтика өнеркәсібі стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі болып қала беретіндігін атап өтті.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында фармацевтика саласын аяққа тұрғызатын уақыт жеткенін баса айтқан болатын.
Бүгінде өңірдегі бес жергілікті компания дәрі-дәрмек өндірумен айналысады. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, фармацевтика нарығындағы жамбылдық препараттар үлесін арттыруға жағдай жасау қажеттігіне айрықша көңіл бөлінуде.