Тараздағы су арналарын тазартуға шамамен 50 млн. теңге бөлінді
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, прокуратура тарапынан өңірдегі барлық су нысандарын және су техникалық құрылғыларын тексеру шаралары ұйымдастырылды.
«Техникалық жағынан су сіңетін жүйеге жатпайтын қоқыс толы арықтар топан су басу кезіндегі негізгі мәселелер болып табылады. Облыс прокуратурасы мен қалалық және аудандық прокуратураға тиісті міндеттер жүктелді, Тараз және аудан әкімдеріне және төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаментке қажетті шаралар қабылдау керектігі жайлы тапсырма-хат жіберілді», - деді Жамбыл облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов.
Бақылау органынан хабарланғандай, өңірлерде су өткізу құрылғыларын тазарту үшін және өзен арнасын кеңейту мен арықтарды аршуға қаражат қарастырылды.
«Халықтың денсаулығы мен экологиялық тазартуға қатысты мәселе прокуратураның ерекше қадағалауында», - деді Б. Тайымбетов.