Тараздағы түрмеде сорпа пакетіне салынған 19 ұялы телефон табылды
23:29, 25 Желтоқсан 2016
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда аса қатаң режімдегі 158/7 мекемесінде тұтқындағыларға ұялы байланыс құралдарын жеткізбек болған әрекеттің алды алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі түзеу мекемесі әкімшілігіне сілтеме жасап.
19 ұялы телефон, оны қуаттайтын құрылғылар, батарейкалар және «симкалар» колония аумағындағы дүкенге әкелінген азық-түлік тауарларының ішінен табылды. Беруге тыйым жасалған заттар тез дайындалатын сорпа пакеттеріне салынған.
Оны колонияның жедел қызметкерлері, Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері және Граф деп ат қойылған овчарка тапты.
Қатаң режімдегі 158/7 түрмесінің басшысы Нұржан Жолдасбековтың айтуынша, бұл ұялы телефондардың ірі партиясы. Мұны қалай әкелген және кім жеткізген, олардың артында кімдер тұр, бәрі тексеріледі.