20 мамыр күні ежелгі Ұлы Жібек жолы орталықтарының бірі Тараз қаласынан түй мен ат мінген жолаушылардан және олармен бірге еріп келе жатқан автобустар мен автокөліктерден құралған керуен Астанаға жол тартты. Керуенде 20 жүк артылған түйе, 46 салт ат, 10 жүк машинасы, 3 автобус бар. Керуен құрамына сондай-ақ, мәдениет қызметкерлеріне арналған қызметтік көліктер, мәдениет қызметкерлері, дәрігерлер, ЖП және ТЖ қызметкерлерінен тұратын 150 адам кіреді.
Жамбыл және Қарағанды облыстарының 10 елді мекендерінде аялдама жасап, киіз үйлер мен шатырлар құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін қолдауға арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылмақшы. Жолда тұрғындарға концерттік бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық шаралар өткізіледі.
Этнографиялық керуен Байзақ, Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарынан өтті. Бүгін керуен Жамбыл облысының ең шалғай ауданы -- Мойынқұмның Хантау ауылына тоқтайды. Одан ары қарай Қарағанды облысының үш елді мекенінде аялдауды жоспарлауда.