«Ғани әке…»: тараздық оқушы Артем Погореловтің хаты министрді толқытты

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM —  27 мамыр мен 2 маусым аралығында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында «Министрге хат» атты акция өтті. Акция аясында 235 хат келіп түскен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

— Өздеріңізге белгілі, маусым айының басында «Министрге хат» акциясын бастаған болатынбыз. Бүгінгі күні 235 хат келіп түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген хаттардың әрқайсын зейін қойып, асықпай, мұқият оқып шықтым. Шындығында ашық жазылған ұсыныс пікірлер, жүрек жарды тілектер мен жас балаға тән таза бұлақтай ойға толы хаттар мені қатты толғандырды.

Олар мектебі мен сүйікті ұстаздары, бастарынан өткен қым-қиғаш қызықты оқиғалары, алға жетелеген мақсат-мұраттары туралы жазулары мені зор әсерге бөлегені сонша балалармен жеке сөйлесіп отырғандай әсер қалдырды. Хаттарды оқи отырып, ең алдымен ата-ана ретінде қуаныш, мұғалім ретінде балаларымыз үшін мақтаныш сезім бойымды биледі, — деді министр.

Ғани Бейсембаев бір хатқа ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. 

— Әсіресе мына бір хат ерекше көңіл бөлдірді. Тараз қаласындағы № 66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погореловтің хаты. Артем — тағдыры жеңіл болмаса да, жігері мұқалмаған батыр бала екен. Ол патронаттық отбасында тәрбиеленуде, әрі қазақ мектебінде оқиды. Мектеп жаңалықтарынан хабар жүргізеді екен. Болашақта журналист болуды армандайды. Өз хатын «Ғани әке…» деп бастаған екен. Әр сөзі мейірім мен ізгілікке толы. Сөздері де, сезімі де шынайы, жүрекке жылы тиді. Артемнің хатын бірнеше рет қайталап оқып шықтым.

Айналайын, Артем! Егер осы жазбаны оқып отырсаң, өзіңмен Астанада кездесуді жоспарлап отырмын. Сол кездесу өзің айтқан әке мен бала арасындағы әңгімедей болады деп сенемін, — деді еліміздің бас ұстазы. 

Министр бұл акция жаңаша бастама болғанын атап өтті.

— Бұл акция біз үшін де жаңаша бастама болды. Олар тек орынды сұрақ қойып қана қоймай, жауабын табуға ұмтылған. Ең бастысы — бізге яғни үлкендерге, болашаққа сенеді. Бұл сенім — жүректен шыққан сөздің, таза кәусәр бұлағы.

Қарапайым армандардан басталып, шынайы әрі мағыналы диалогқа айналған акция міндетті түрде жалғасын табуы тиіс. Әр балаға шын жүректен алғыс айтамын. Хаттағы әр сөз — біз үшін бағыт әрі бағдар. Қазіргі уақытта хатта көрсетілген мәселелер бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Өтініштердің барлығы жүйеленіп, пысықталып жатыр. Кейбірін нақты шешу үшін алдағы уақытта талқылаулар мен пікір алмасулар ұйымдастырылады. Әр ой, әрбір пікір мен ұсыныс назардан тыс қалмайтын болады, — деді ол.

Айта кетелік балалар еліміздің бас ұстазына хат жолдай алатыны туралы жазған едік