Тараздықтар күн жылынса су басу қаупі төнуі мүмкін деп сақ отыр

ТАРАЗ. KAZINFORM - Тараз қаласында қалың қардан кейін су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Тараз қаласында қалың қар жауғаннан кейін су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында инженерлік-алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды.

ТЖМ әскери қызметшілері мен құтқарушылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлесіп, қардың қарқынды еруінен туындайтын су басу қаупін азайту шараларын жүргізді.

- Тұрғын секторда еріген судың аула аумақтарына кіруіне жол бермеу үшін құм толтырылған қапшықтар төселді. Сонымен қатар, аула аумақтары судан тазартылып, еріген қар суының кедергісіз ағуы үшін арық жүйелері тазартылды, - делінген хабарламада.

Жүргізілген алдын алу шаралары су тасқыны қаупін төмендетуге, тұрғындардың мүлкін қорғауға және көктемгі кезеңде қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған дейін Алматы облысында 10-нан астам елді мекенге су тасқыны қаупі төніп тұрғаны туралы жаздық.