Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл облыс орталығында екі мерекелік шырша орнатылады.
«Шыршалардың бірі ҚР Тұңғыш Президенті саябағының аумағына, екіншісі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығына қойылады. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда жаңа жылдық безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттарға қала бюджетінен 19 млн 150 мың теңге қарастырылған», - деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Дәулет Төленді.
Дәстүр бойынша Жамбыл облысының бас шыршасы қаланың орталық алаңында орнатылса, 2019 жылдан бері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталық алаңына да жаңа жылдық шырша қойылып келеді.
«2021 жыл қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының алаңындағы бас шырш өртенгеннен кейін, биыл облыс орталығын мерекелік безендіру кезінде өткен жылдан қалған декор элементтерін және жиналмалы шырша құрылымын пайдалану туралы шешім қабылданды. Бұл өте тиімді шешім», - деді спикер.
Ведомство демеушілік қаражат есебінен ерекше қажеттілігі бар тараздық 2 225 балаға арнайы мерекелік сыйлық берілетінін, қаржыландыру көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрайтынын атап өтті.