Тараздық алаяқ әйел мессенджер арқылы тұрғындардың 4,5 млн теңгесін иемденген

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласының тұрғыны мессенджер арқылы қазақстандықтардың 4,5 миллион теңге ақшасын иемденген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Полиция департаментіне Тараз, Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларының 17 тұрғыны жүгінген.

Олар өз шағымдарында белгісіз әйелдің қосымшалардың біріндегі «Байлық секторы» және «777» топтарына оларды қосқанын атап көрсеткен. Ол салынған қаражатты 30 пайыздан 60 пайызға дейін арттыруға уәде берген.

Топтар қаржы пирамидасы түрінде құрылып, қатысушыларға достары мен таныстарын тартқаны үшін қосымша бонустар беруге уәделескен. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алғашқыда бірнеше адамға пайызбен ақша берілген, нәтижесінде бұл топтар үшін қосымша жарнама болған. Алайда, көп ұзамай сенім білдірген азаматтардан жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеден астам қаражат жинап алған әйел телефон нөмірін өзгертіп тастаған. Жамбылдық полицейлердің кәсіби іс-әрекеттерінің нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікпен Тараздың 50 жастағы тұрғынын ұстауға мүмкіндік туды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,-делінген хабарламада.

Бүгінде күдікті өз кінәсін мойындады. Полиция департаментінің қызметкерлері осы әйелдің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен тұлғалар болған жағдайда хабарласу қажеттігін ескертеді.