Тараздық спортшы Рио-Де-Жанейрода өтетін ойынға жолдама жеңіп алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Паралимпиадаға Қазақстанның атынан қатысатын Зүлфия Габидуллинаны қабылдады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жамбылдық спортшы Шотландиядағы Глазго қаласында паралимпиялық әлемдік чемпионатта жүзуден қола медальді жеңіп алғаны жұртқа мәлім. Өңір басшысы спортшыны жеңісімен құттықтап, арнайы алғыс хат пен сыйлық табыс етті.

-Мен сізді жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өмірде кездесетін қиындықтарға мойымай, жігерлілік танытуыңызды батырлық деп санаймын. Болашақта да үлкен жеңістерге қол жеткізуіңізге тілектеспін, - деді облыс әкімі.

2015 жылы Шотландияда жүзуден өткен Әлем чемпионатына 70 мемлекеттен мүмкіндігі шектеулі 600-ге жуық спортшы қатысқан болатын.

Онда Қазақстан Республикасының намысын 7 жүзуші қорғады: Мансурбек Ибрашев, Андрей Афанасьев, Зульфия Габидуллина, Сиязбек Далиев, Ануар Ахметов, Наталья Звягинцева және Михаил Еременко.

Жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллина әлемдік рейтингтегі ең мықты жүзушілердің сегіздігіне кіреді және 50 м қашықтыққа еркін жүзуде төртінші орынға, 150 м комплекстен - 5 орын, 100 м еркін жүзуден - 5 орын, 50 м арқамен жүзуден - 7 орынға ие болғанын атап өткен жөн.