Тараздық студенттер Универсиада құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Бүгін жамбылдықтар 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алау эстафетасын қабылдады. Салтанатты рәсімге орай Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері мерекелік концерт ұйымдастырды. Бұл туралы ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметінің басшысы Жандар Асан мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Алау эстафетасы" қарсаңындағы іс-шараға оқу орнының 2300 студенті қатысты. Олардың қатарында оқуда, спортта және өнерде үздік нәтижелерге жеткен білімгерлер бар. Жастар осылайша Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы студенттер ойындарына қатысушыларға құрмет көрсетті", - деп атап өтті.

Оның айтуынша,  29 қаңтар күні Алматы қаласына Жамбыл облысы атынан Универсиада алауын ТарМПИ-дің студенті, қазақ күресінен Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Пахрединов жеткізеді.

Айта кетейік, бүгін алауды жас спортшыға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев табыстаған болатын.