Тараздықтар Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовті еске алды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері бірқатар салтанатты іс-шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда «Оңтүстік» ӨңҚ әскери қызметшілері Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды. Еске сала кетейік, 2019 жылы Отан қорғаушылар күніне орай Таразда Халық қаһарманы және Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мемориалдық тақтасы салтанатты түрде ашылды.

Тараз қаласы әкімдігінің шешімімен сол кезде салынып жатқан «Бәйтерек» шағын ауданындағы жаңа көшеге Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.

Нұр-Сұлтан мен Тараздағы мектептерге Халық қаҺарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.

«Кеше Таразда «Оңтүстік« өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің әскери қызметшілері кәсіби мерекесі – Отан қорғаушылар күніне спорттық жүгіріс өткізді, ол биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығымен, сондай-ақ алдағы Жеңіс күнімен тұспа-тұс келіп отыр», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінінің басшысы майор Дина Мухаринова.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі Тараздың ірі сауда орталығында Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған концерт берді.

Әскери музыканттардың қоғамдық орындарда өнер көрсетуі Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырған.