***
Марат Нұрбеков еліміздің әділет, сот жүйесіндегі белгілі есім. Сонау Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары заң шығарушылық саласында белсенді қызмет атқарған білікті заңгер. Ол бүгінгі күні зейнет демалысында. Уақытында Әділет министрінің орынбасары, бірнеше облыстық соттың төрағасы қызметтерін атқарған Қазақстанның құрметті заңгері Марат Нұрбекұлымен «Егемен Қазақстан» газеті тілшісі арасындағы сұхбат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сот-құқықтық реформа барысы туралы, бүгінгі күнге жүзеге асырылып жатқан шаралар төңірегінде өрбіген. Басылым тілшісіне тұщымды жауап берген ол: «Елімізде тұңғыш рет заңға қол қою рәсімі жариялы түрде жүргізілді. Жаңа заң азаматтардың және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта тиімді қорғау, дауларды қарау мен шешудің тиімділігін арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңартылған Азаматтық процестік кодекс «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айқындалған шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Негізгі әзірлеушісі Жоғарғы Сот болып табылатын жаңартылған заңда азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңа талаптармен толықтырылған. Кодексті әзірлеу кезінде шет мемлекеттердің заңнамалары зерделеніп, жекелеген нормалары назарға алынған. Сондықтан, жаңартылған кодекстің артықшылықтары көзге көрініп тұр. Мұнда заңның үстемдігі жоғары қойылған. Жаңа Азаматтық процестік кодекс азаматтардың және заңды тұлғалардың дауларының тез және сөзбұйдалыққа салынбай шешілуіне мүмкіндік береді», - дейді. Сұхбат «Елімізде сот-құқықтық реформа сәтті жүргізілуде» деген тақырыппен берілген.
«Той жасаудың бір жақсы жері там-тасыңды түзеп, жөндеп, әктеп-көктеп, ескі-құсқы дүниеден құтылып, жаңадан жасанып, бір сілкініп қаласың. Дәл сол сияқты көне Тараз қаласы Қазақ хандығының 550 жылдық тойы қарсаңында тотыдай таранып, түрленіп, еңсесін бір тіктеп алды. Енді, міне, жас ұрпаққа берер тағылымы мол болған дүбірлі той өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Тараздың тойдан кейінгі тірлігі қандай?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қазір қалада 22 431 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 17 288-і жеке кәсіпкер, 5107-сі шағын және 36-сы орта кәсіпорын субъектілері. Шағын, орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесі 21 млрд. 864 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің 12 пайызын құрапты. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтің айтуынша, соңғы жылдары бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру, еркін бәсекелестікті ілгері дамыту, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, қолдау көрсету бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. «Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, 2015 жылы 3 млрд. 438 млн. теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде жеңілдетілген несие беру тетіктері бойынша 3 млрд. 303 млн. теңгеге 62 жоба, өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 123,5 млн. теңгеге 3 жоба және жаңа бизнес бастамаларға грант бөлу тетігі бойынша 11,7 млн. теңгеге 4 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар арқылы қосымша 300 жаңа жұмыс орындары ашылды», - дейді қала басшысы.
***
«Алтайдың Қазақстанға қарасты бөлігінде Агарти өркениетіне тиесілі жер астындағы қала бар», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Гномо сапиенс» деген тақырыптағы мақаласында. Елордалық зерттеуші Ерсайын Шығаевтың басына мұндай ой АҚШ Орталық барлау қызметінің бұрынғы агенті Эдуард Сноуденнің жер асты үңгірлерінің шексіз жүйесінде тіршілік ететін гномдар жайындағы мәлімдемесінен кейін келген. Е.Шығаев Алтайға сапарлап, Агарти патшалығының белгілерін іздеп көрмек.
***
«Ерлан Жармұхаметовтің жасы не бәрі 23-те. Бірақ, ол қазірдің өзінде мемлекеттің көмегімен аяғынан тік тұрғызған кәсіпорынға басшылық жасауда», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Ерлан воплощает свой план» деген тақырыптағы мақаласында. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры оны мақсатқа ұмтылғыш жас ретінде сипаттайды. Шығыс Қазақстан қағаз қалдықтарын қайта өңдеу жұмыстары қолға алынбаған еді. Міне, дәл осы істі Ерлан қолына алып отыр. Бүгінде ол басқаратын «Өскемен қағаз фабрикасы» ЖШС-інде 16 адам жұмыс істеуде.