Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен жиын барысында айтылды. Жаңа форматта алғаш рет өткен басқосуда халық қалаулылары шаһар басшысымен депутаттық сауалдардың орындалу барысын талқылады. Мақсат – қала әкімі мен мәслихат депутаттарының арасында тығыз байланыс орнатып, тұрғындар мәселесін тиімді шешу.
«Биыл 36 аялдама орнату жоспарда. Оның ішінде 6 аялдама № 1 округтің аумағында орнатылады. Жалпы, алқап аумағында орнатуды және ауыстыруды қажет ететін 10 аялдама бар. Қалған 5-і іс-шара жоспарына және бюджет бөлінісіне сәйкес қойылады. Қалған 30 аялдама да қажетті жерлерге орнатылады, – деді қала әкімі.
Жиын барысында қалалық мәслихаттың 27 депутаты өздері сайланған округтердегі мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, қла әкімінен нақты жауаптарын алды. Мәселен, депутат Марат Жұманқұлов өзі сайланған №1 округтегі аялдамалардың тозығы жеткенін және шұғыл жаңартуды қажет етіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, жол мен жаяу жүргіншілер жолы секілді инфрақұрылымдық қажеттіліктерге де тоқталды.
Басқосуда бас-аяғы 100-ге жуық сауал жолданды. Халық қалаулылары жол, су, жарық, кәріз жүйесін салу секілді инфрақұрылымға қатысты мәселелерден бастап, білім нысандарын жөндеу, шалғай алқаптарға жүретін қоғамдық көлік санын арттыру, «Оқушылар сарайын», балаларға ойын және спорт алаңшаларын салу, көшелерді жарықтандыру, каналдарды тазалау секілді тұрғындар тарапынан түскен өтініш-тілектерді қала әкімінің назарына жеткізді.
Бұған дейін Таразда тағы 9 «ақылды аялдама» іске қосылғанын жазған болатынбыз.