ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында 175 тонна пішен өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тарбағатай ауданында құтқарушылар өртенген шөпті сөндірді.
«Өрт түнде Екпін ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде шыққан. Тілсіз жау 175 тонна пішенді шарпыды. Отты ауыздықтауға жеке құрамнан 8 адам, 3 өрт сөндіру көлігі мен шаруа қожалығынан 1 трактор жұмылдырылған. Бүгін сағат 7.52-де өрт оқшауланды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жүр. Өрттің қайдан, қалай шыққаны анықталып жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.