Тарбағатайда құтқарушылар алты айлық сәби мен егіз қыздарды өрттен алып шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Тарбағатай ауданының өрт сөндірушілері алты жастағы егіз қыздарды және алты айлық нәрестені өрттен алып шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірдің ТЖ департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Ақжар ауылында болған. Даулетпай көшесінде тұратын отағасы үйден аз уақытқа шығып кеткен, ал оның жұбайы верандадағы кір жуатын машинканы қосып, балаларына қарау үшін үйге  кіріп кетеді. Бірнеше уақыт өткеннен кейін ол түтіннің иісін сезеді. «Мен көшеге шықпақшы болдым, ауладан иіс шықты, бірақ шыға алмадым. Верандадағы қара түтін бет қаратпады, қорыққанымнан есікті жауып қойдым», - деді зардап шегуші. Әйел дереу өртке қарсы қызметке қоңырау шалған.

«Біз оқиға орнына келгенге дейін веранда отқа оранып жатты», - деді Ақжар өрт сөндіру бекеті бөлімінің командирі Талғат Айтқалиев. - Қабырға, үйдің төбесі жанып жатты. Үйден есік арқылы шығу мүмкін болмаған. «Драгер» аппаратын киіп, үйге терезе арқылы кірдік. Бірінші алты айлық баланы құтқарып алдық, кейін алты жасар екі қызды шығардық, содан кейін анасына көмектестік».

Өрт сөндірушілер зардап шегушілерді дәрігерлерге тапсырды. Қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақты, егіздерді тексеріп, үйлеріне жіберді. Ал, анасы мен алты айлық нәресте дәрігерлердің бақылауында.