Тарбағатайдағы өртті сөндіруге 100 шақты адам мен тікұшақ жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Тарбағатай ұлттық паркінде орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото: видеодан алынғын скрин

Өрт анықталған сәттен бастап оны сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері жедел кірісті.

Қазіргі уақытта өртті сөндіруге орман күзеті, ТЖ бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдар қатарынан 96 адам, 21 техника және «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның тікұшағы жұмылдырылды.

Өрт аумағының басым бөлігі мемлекеттік орман қорының ормансыз жерлеріне тиесілі.

Өртті сөндіру жұмыстары 4 м/с-қа дейінгі қатты желге, таулы жер бедеріне және өрт сөндіру техникасы жете алмайтын жекелеген учаскелердің қолжетімсіздігіне байланысты қиындап отыр.

Жекелеген учаскелердің қолжетімсіздігіне байланысты «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның тікұшағымен әрқайсысы 3 тоннадан 9 рет, жалпы көлемі 27 тонна су төгілді.

Күштер тобын арттыру мақсатында «Семей орманы» МЛТР-дан және Абай облысы ТЖД-нан қосымша күштер мен құралдар жіберілді.

Өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов жіберілді.

Өртті оқшаулау және жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетелік Баянауылда ұлттық паркке қарасты жер өртенген еді