«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санынан қазақстанның тұңғыш көлік министрі Нығметжан Есенғаринмен болған сұхбатты оқи аласыздар. Онда редакция қонағы теміржол саласында қазақ тілін қолдану мәселесі, Қытай-Қазақстан теміржол қатынасының өткен тарихы, жеке өмірі туралы кең көлемде әңгіме өрбітеді. «Мені тепсе темір үзетін жастардың өндіріске емес, күзет қызметіне жұмысқа баратыны таңғалдырады» деген тақырыппен берілген бұл сұхбаттың авторы -журналист Халима Бұқарқызы.
Тарбағатайға тасқынның екінші легі келеді. Боғас өзені арнасынан асып, маңайдағы елді мекендерді тағы да дүрліктірді. Тасқын Қызылкесіктің жоғарғы бөлігіндегі айналмалы жолдан салынған жаңа көпірдің шетін шайып кеткен. Бұл туралы толығырақ «Алаш айнасы» газетінің төртінші бетінде жарияланған «Тарбағатайға тасқынның екінші толқыны жетті» атты мақаладан оқи аласыздар.
Биыл қазақстандық жағажай волейболы шеберлері ерлеп тұр. Таиландта Азия туры додасының үш кезеңдік турнирі өтіп, біздің спортшылар тәп-тәуір нәтижелер көрсетті. Қазақ спортшыларының өзге елдегі жетістіктері туралы білгіңіз келсе, газеттің «Дода» айдарындағы «Таиландтағы әр турдан-бір жүлде» тақырыбымен берілген мақалаға назар аударыңыз.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше мән берген жаңа халықаралық университет туралы білгісі келетін оқырмандар үшін, « Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Заман сұранысына сай оқу орны» деген тақырыппен "Астананың жаңа университеті" АҚ президенті Аслан Саринжиповпен болған сұхбатын жариялапты.
Қазақ топырағына да бомба түскен. Ойылған жердің жарасы әлі сол қалпы жатыр. Ол -тарихи өңір Бөкей ордасы. Бұл туралы« Егемен Қазақстан» газеті бұрын да жазған болатын. Енді соны жеңіс қарсаңында қолға түскен жаңа деректермен қайта жаңғартуды жөн көріпті. Бұған жол ашып, соғыс зардабын, ел-жер тарихын тереңдеп білуге ерекше септігін тигізген Бөкей ордасы ауданының әкімі, ұлт, ел мен жер тарихын зерделеп жүрген Рахман Қарин екен. Газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Бөкей ордасы Сталинград майданының тылы болған» атты мақала осыдан 70 жылға таяу уақыт бұрынғы тағдырлы оқиғаларды Рахман Оразұлын қатыстыра отырып, оқырманға жеткізіпті.
«Тасқыннан бергі бір ай ішінде мұндағы тірлікке сырт көзбен баға берсек, ауылдағы апаттан кейін тазарту жұмысы аяқталып, қалыпты өмір орныға бастаған. Құрылыс қарқын алған. Салыстырмалы түрде айтсақ, "Алматы қала құрылысы" мекемесі құрылысшыларының қимылдары ширақ. Кіреберістегі жаңа көшеде 25 үй сап түзеп, іші-сыртындағы сапалы атқарылған жұмысқа көңіл толды. Жаңа үйде жаңаша өмір басталатынына деген тұрғындар сенімі де орныққан. Осы үй менікі дегендер айналшықтап жүр. Ал, өзге де құрылысы басталған үйлердің бірінің шатыры жабылса, екіншісінің іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілуде»,-деп жазған« Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала «Қызылағаштың қазіргі халі қандай?» деген тақырыппен беріліпті.
***
Қырғызстан Республикасының уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаева Қазақстаннан гуманитарлық көмек сұрап отыр. Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысына осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізуді тапсырды. Бұл туралы толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Қырғызстан көмек сұрады» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Өмірімде өнер мен тәртіп қудым, Қызға құмар әкеме тартып тудым». Осы тақырыппен берілген «Айқын» гезетіндегі келесі мақала бүгінгі оқушылар тыңдап жүрген мән-мағынасыз әндерді сынға алыпты. «Бір сөзбен айтқанда, білім саласындағылар мектептердегі музыка сабағына деген көзқарасын өзгертіп, кітаптардың мазмұнын жаңартып отырса деген ой келеді. Оған қоса, балалар әндеріне мемлекеттік деңгейде насихат қажет сияқты... Сонда мүмкін мектеп жасындағылар жасына сай ән тыңдайды. Бұл барлық ата-ананың, қала берді, қоғамның жанайқайы болуы тиіс!»,-деп жазады басылым.
«Кеден одағына қатысы бар елдерде бірыңғай сауда саясаты қалыптасады»,- дейді Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілікті мәселелер төңірегінде министрмен ой бөліскіңіз келсе, аталған газеттің «Ақ сөйле!» айдарына назар салыңыз.
***
Сәуір айы - құрылыс алаңындағы жұмыстың қыза бастайтын кезі. Осындай уақытта құрылыстарды аралап, жұмысшылар мен олардың басшыларына еңбек қауіпсіздігін сақтау жөніндегі түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру - Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің қалыптасқан дәстүрі. Биыл да бұл үрдіс үзілмей жалғасып, кеше тиісті мамандар құрылыс нысандарын аралап, арнайы акция өткізді.«Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Еңбек қауіпсіздігі - ең басты қағидат» атты мақала осы шараға тоқталыпты.
«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала «Бесігінен безінген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген атпен беріліпті. Аты айтып тұрғандай мақала қасиетті тал бесігіміздің бүгінгі тағдырына назар аударыпты. «Ал жат жұрттың арам пиғылына еріп, қазақтың тал бесігінен безінгендердің жайы түсінікті: бесік біздікі емес, батыстан шығып, бүгін бізге жаңалық болып жеткен нәрсе болса ондайлар міндетті түрде жапа тармағай бүгін бесікке жүгірген болар еді»,-дейді басылым.
***