Тариф дауы: ұялы байланыс неге қымбат?
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері кей ұялы байланыс тарифінің бағасы артты. Қазір орташа өсім шамамен 25 пайызға жеткен. Операторлар ақыны әлі де көтермек. Бұл жаңалық халықтың әлеуметтік ахуалына қалай әсер етеді? Компаниялардың баға саясаты қаншалықты заңды? Kazinform тілшісі мән-жайды сараптап көрді.
Ең төменгі қосылған құн – 500 теңге
Өзгерген бағаның алғашқы салқыны ақпанда сезілді. Жыл басында Activ – 23, TELE2 – 4 тарифтің бағасын көтеретінін хабарлаған еді. Сол-ақ екен өзге операторлардың тығыны ашылып, баға көтеруден «жарыс» басталды. Тарифтерге қосылған құн 500 бен 1500 теңгенің айналасына асып, кей арзан тарифтерге қосылу шектелгенін байқадық.
Қазір де жағдай оңып тұрған жоқ. Өткен айда ұялы байланыс операторлары тарифтерде тағы өзгеріс болатынын жариялаған. Ондағы көрсеткіш те өсім болатынын көрсетуде. Заң бойынша тұтынушыға бір ай бұрын ескерту міндеттемесін есепке алсақ, келесі кезең сәуірдің соңына тура келуі тиіс.
Осы орайда ұялы байланыс операторлары 3 айда баға саясатын қалай өзгерткенін бағамдап көрейік. Тарифтер атауын атамай, бағадағы шартты айырманы ғана тізбектеуді шештік:
· Beeline 8 тарифке – 1000 теңгеден;
· TELE2 27 тарифке – 1000-2800 теңге аралығында;
· Altel 18 18 тарифке – 1000-3000 теңге аралығында;
· Kcell – 500-1000 теңге аралығында;
· Activ – 500-1000 теңге аралығында құн қосқан.
Бұрын мұрағаттық тарифтің бағасына тиіспейтін жақсы үрдіс бар-тын. Кезінде қаншаға қосылдыңыз – солай өзгеріссіз қалатын. Мысалы, 3 жыл бір тарифті пайдаландыңыз делік, айлық төлемі – 1500 теңге. 3 жылдан кейін де сол тариф, сол баға өзгермейтін. Уақыт өте жаңа абонент қосыла алмайтын мұрағаттық тарифке айналғанда да бұл мүмкіндік сақталатын еді. Бүгінде мұндай артықшылықтың өзі артық ақша төлеуге кедергі болмай тұр. Өйткені операторлардың баға саясаттында мұрағаттық тарифтерді қалыс қалдырған жоқ.
Сонымен, бұл жағымсыз үрдістің себебі не, тариф бағасы неге көтерілді? Команпаниялар ұялы байланыстың қымбаттауын экономикалық және стратегиялық себепке сүйейді. Айтуларынша, инфляция, тұтынушы санының артуы, материалдық базаны жаңарту талабы осы өзгеріске әкелген.
«Абонтөлемнің өзгеруі жағымды жаңалық емес екенін түсінеміз. Алайда желілерімізді дамыту мен жаңарту, оған қызмет көрсету мен жөндеу шығындарының өсуіне байланысты тарифтің бағасын өзгертуге мәжбүрміз. Тариф құнына инфляция және басқа да сыртқы факторлар әсер етеді», – делінген Altel операторының ресми хабарламасында.
Kcell/Activ-тің жауабы да Tele2/Altel операторларымен мәндес. Ал Beeline саясатының қалыптасуы мен құбылуы туралы сараптама көмегімен «ақталғаны» байқалады. Онда желі жүктемесі, инфляция, АТ-жүйелері секілді мәселелер қаржы талап ететіні айтылған. Әсіресе теңгенің құнсыздануын аргумент есебінде пайдаланып, тіпті «соңғы бес жылда доллар шамамен 1,4 есе қымбаттады, бұл өз кезегінде шығындарға айтарлықтай әсер етеді» деп топшылаған.
«Біз де азық-түлік, жанар-жағармай және жылжымайтын мүліктің бұрынғы бағасын еске аламыз, бірақ әлем өзгеруде және сізге сапалы қызмет көрсетуді жалғастыру үшін бізге өзгеру керек. Бағаны көтеруге байсалды әрі жауапкершілікпен қарайтынымызға сеніңіз. Біз нарықтағы орташа деңгейден төмен тариф жоспарларын ғана түзетеміз, оларды біртіндеп өзгертеміз», – дейді Beeline.
Алайда экономикалық қиындық бағаға әсер етті дегенге сену қиын. Себебі байланыс саласындағы компаниялардың табысы аз емес, жоқ дегенде шығынын жабуға жетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросы өткен жылы қаңтар-қыркүйек айларындағы байланыс операторларының табысын 1 триллион 3 миллиард теңге деп көрсеткен – 2023 жылғы сәйкес кезеңнен 12 пайыз жоғары. Қазақстандықтар телефон байланысы қызметіне – 22 млрд теңге (жылдық өсім 3 пайыз), интернет желісі қызметіне – 520 млрд теңге (+25%), ұялы байланыс қызметіне – 175 млрд теңге және басқа телекоммуникациялық қызметтерге 191,4 млрд теңге (+4%) жұмсаған.
3 vs 400: монополия майданы
Жасыратыны жоқ, көз ашқалы санаулы ұялы байланыс операторын көрдік. Нарықта аты мен клиенттер базасы қалыптасып үлгерген тек 3 компания таныс. Ал қалғаны ше? Қалғаны дегеніміз, 400-ден астам коммуникациялық өнімге қатысты айтып отырмыз. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдан бері Қазақстан аумағында тіркелген отандық байланыс операторларының жалпы саны — 422. Ал біздің білетініміз Beeline, TELE2, Altel, Kcell, Activ-тен әрі аспайды...
Бұған мемлекет саясаты мен бизнес сектордағы ымыра себеп болды десек артық емес. Қазірге дейін ірі және мемлекеттің үлесі бар компаниялар басымдық пен мүмкіндікке ие болып отыр. Мол қаржы салған жобалар ғана ауқымды нарыққа қол жеткізіп жатты. Бәсеке аз, табыс мол, бақылау босаң.
Осы орайда нақты компанияларда мемлекеттің үлесі барын білмекке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сауал жолдаған болатынбыз. Анықталғандай, нарықтағы операторлардағы мемлекеттің үлес салмағы әртүрлі. Кейінгі уақытта шетелдің осы компанияларды меншіктеу үрдісі басталыпты.
«Қазіргі уақытта ел аумағындағы ұялы байланыс нарығында «Кселл» АҚ (Kcell/Activ), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) және «КаР-Тел» ЖШС (Beeline) операторлары қызмет көрсетеді. Оның ішінде «Кселл» АҚ-ға мемлекеттің қатысуы бар, ал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-да (2025 жылдың бері) және «КаР-Тел» ЖШС-да шетелдік компанияның үлесі бар», – делінген агенттік жауабында.
Айта кетейік, соңғы талдау бойынша «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобының («Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС) нарықтағы үлесі 63 пайыз болса, 37 пайыз «КаР-Тел» ЖШС-ның үлесінде. Демек, тіркелген қалған 400 оператордың аты бар да, заты жоқ.
Қоғамда ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсеке мәселесі көтерілгеніне көп болды. Сарапшылар басты қауіпті ауызжаласқан әрекеттен көрген, яғни компаниялар тұтынушыларда басқа таңдаудың жоғын біліп, бірлесе тариф бағасын өсіруі мүмкін деген болатын. Бүгінде болжам айна-қатесіз орындалғандай көрінеді.
Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Мадина Қабжалалова мемлекеттің шектен тыс араласуы да қате шешім болуы ықтимал деген пікірде.
«Тариф бағасының өсуі – нарықтағы ойыншылар санының аздығы. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестік проблемалары туралы көптен бері айтып келеді. Мемлекеттік компанияның жалпы нарықтағы үлесі басым – 63%. Бұл жағдай тәуекел тудырады. Себебі олар өзара сөз байласуы мүмкін.
Мемлекеттік компания нарықта басымдыққа ие. Дегенмен бірнеше жыл бұрын халықаралық операторлар нарықта болған кезде ол айтарлықтай бәсекеге қабілетті болды. Осының аясында жақын арада қатарлық инвестордың мемлекеттік оператордың бір бөлігін сатып алуы бәсекелестікті арттырып, сапа мен тарифтерге оң әсер етеді деп сенеміз», – деді сарапшы.
Инвестор демекші, жақында Altel мен Tele2 компанияларын қатарлық компания сатып алды. Бұл келісім қазақстандықтар үшін жақсы ма, жаман ба, белгісіз. Себебі, шетелдік компания мен Үкімет арасындағы сату туралы келісімге сәйкес, үш жыл бойы нарыққа жаңа оператор кірмеуі керек. Яғни, қазіргі келісіммен қолданыстағы ұялы байланыс операторларының тағдырын 3 жылға ұзарттық десек болатындай.
Алайда билік басқа пікірде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбектің айтуынша, байланыс операторының сатылуы тарифті төмендетеді.
«Altel мен Tele2 компаниялары қатарлық инвесторларға сатылғаннан кейін байланыс тарифтері төмендеуі керек. Өйткені Tele2 Қазақстан нарығына кірген кезде Kcell мен Beeline тарифтерін төмендетуге мәжбүр болған. 2018-2021 жылдары мобильді операторлар байланыс құнын көтермеу туралы меморандумға қол қойған еді. Ол аяқталғаннан кейін олар бағаны қайта көтере бастады. Менің ойымша, нарықтағы бәсекелестік теңестіруге тиіс», – дейді вице-министр.
Талап пен тексеріс
Нақты айтуымыз керек, мемлекет операторларға тариф бағасын түсір деп талап қоя алмайды. Бұрын ереже белгілейтін құзырет болған шығар, қазір жоқ. Себебі ҚР «Байланыс туралы» заңының 20-бабында тайға таңба басқандай анық жазылған: «…байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді». Міне, мемлекеттің бизнеске тісі батпай отырғанының бір себебі осында жатыр. Сондықтан министрлік баға саясатын тұрақтандыру үшін нарыққа жаңа ойыншыны әкелу секілді жанама әсер етумен шектеліп отыр.
«Қазіргі үш оператор азаматтардың тариф пен сапаға қатысты талабын қанағаттандырмаса, екі жыл өткен соң жаңа операторды іске қосуға әзірміз. Олар (қазіргі операторлар) нарықта орындарын сақтап қалу үшін пайдаланушылардың талап-тілектерін ескеруге міндетті. Әйтпесе, байланыс нарығындағы бәсекелестікті күшейтуге мәжбүрміз», – деді Асхат Оразбек.
Мемлекет талап ете алмаса да тексере алады. Саладағы заңсыздықты тежеуге, құқықты қадағалауға қақылы. Кейінгі 5 жылда байланыс операторларына 7 млрд теңгеге жуық пұл салынған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше:
· 2020 жылы – 93;
· 2021 жылы – 562;
· 2022 жылы – 1175;
· 2023 жылы – 782;
· 2024 жылы – 357 тексеру жүргізілген.
Ал биыл наурыз айына дейін 25 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 69 млн теңге айыппұл өндіріліпті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нақты тариф бағасына қатысты да тергеу жүргізген, қазір сот процесі жүруде.
– 2023 жылдың желтоқсан айында ұялы байланыс қызметтерінің бағасының өсу фактілерін қарау аясында «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС және «КаР-Тел» ЖШС операторларына қатысты Кодекстің (ҚР Кәсіпкерлік кодексі - ред.) 170-бабы бойынша, тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексеруді бастады. ҚР ӘРПК шеңберінде ұялы операторлар жоғарыда аталған тергеу рәсімдеріне байланысты сот тәртібінде шағым түсірді. Осыған байланысты тергеу тиісті сот шешімдері шыққанша тоқтатылды. Қазіргі уақытта аталған істер ҚР Жоғарғы Сотында қаралуда, – деді агенттіктегілер.
Кейінгі уақытта тариф мәселесінің бірнеше шешімі ұсынылып отыр. Соның бірін Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов айтты. Оның сөзінше, компаниялар тариф бағасын көтерудің негіздемесін Мәжіліс алдында қорғауы шарт. Бұл өзгеріс алдын ала талқылауға әрі қарсылық білдіруге көмек бермек.
– Байланыс операторлары өз еркімен бағаны көтеруге болады деген құқықтық құжатқа түзету енгізу керек. Әсіресе, олар не себепті көтеретінін дәлелдеуді міндеттеу қажет шығар. Мүмкін Мәжілістің алдында, мүмкін Үкіметтің алдында көтеру себептерін бірінші айқындап алып, кеңейтілген жиналыстан кейін Үкіметтің рұқсатымен немесе заңнамалық рұқсатпен ғана көтеру керек деген түзету енгізуге болады. Депутат ретінде мен бұл мәселені тағы терең зерттеп, осы байланыс туралы заңға түзету енгізуге ұсыныс жасамақпын, – деді Е. Саурықов.
Бүгінде Қазақстанда 26 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген, 18,7 млн-ы интернетке қосылған. Демек, тариф бағамы айтарлықтай ауқымды қамтиды деген сөз. Осы есеппен қарасақ, тариф бағасын ауыздықтау әрі жүйелі шешім іздеу уақыт күттірмейтін қадамға айналды.