Тарифін көтеру есебінен қымбат көлік сатып алған энергия жеткізуші компания анықталды - ҚР ТМРА

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тарифін қымбаттату арқылы электр энергиясын жеткізуші 11 млн. теңгеге жол талғамайтын көлік сатып алған. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР ТМРА төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.

«Қызылорда облысындағы «Шиелі жарығы» ЖШС-ні тексеру барысында тарифтерді көтеру есебінен 11 млн. теңгеге жол талғамайтын көлікті заңсыз сатып алу дерегін анықтадық. Осы дерек айқындалғаннан кейін біз оның тарифтерін осындай көлемдегі сомаға төмендеттік»,- деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, осыған ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығысэнерготрейд» энергия жеткізуші компаниясында да орын алған.

Сонымен қатар М.Оспанов электр энергиясы нарығындағы делдалдармен ымырасыз күрес жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Соңғы төрт жылда энергиямен жабдықтаудағы тарифтерде олардың үлесі 8 пайыздан нөлге дейін төмендетілді.

Осы орайда өткен жылы электр энергиясын алып, сатқаны үшін энергиямен жабдықтау ұйымдарына 2,2 млрд. теңге мөлшерінде айыппұлдар салынған.