Табиғи монополия субъектілерінің қызметін Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері бақылайды. Тексерулер профилактикалық негізде де, жоспардан тыс түрде де жүргізіледі, оның ішінде азаматтардың өтініштері мен құқық бұзушылық белгілері бойынша.
- 2026 жылдың бірінші тоқсанында 58 тексеру жүргізіліп, оның 20-сында заң бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде 25 әкімшілік іс қозғалып, 63,7 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 123 тексеру өткізіліп, 62 жағдайда құқық бұзушылықтар тіркелген. Осыған байланысты 535 әкімшілік іс қозғалып, 922,9 млн теңгеден астам айыппұл салынған, - деп жазды комитеттен.
Бақылау тек тексерулермен шектелмейді, нақты жауапкершілік шараларымен жалғасады. Мысалы, Павлодар облысында тарифтік сметаның орындалуын талдау барысында «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің шығындарында ауытқулар анықталып, кәсіпорын 3,46 млн теңге көлемінде айыппұл төледі.
Семей қаласында коммуналдық кәсіпорын тариф есебінен табыс алғанымен, инвестициялық бағдарламаның бір бөлігін орындамаған. Соның салдарынан тұтынушылар 478 млн теңгеден астам қаражатты артық төлеген. Бұл жағдай бойынша кәсіпорынға айыппұл санкциялары қолданылды.
Тексерулер барысында реттелетін қызметтерді заңнама талаптарын бұза отырып көрсету фактілері де анықталады. Осындай жағдайлардың бірінде қызмет тиісті түрде рәсімделмей көрсетілгені үшін субъект жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.
- Жалпы алғанда, бұл шаралар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Тексеру және өтініштерді қарау нәтижесінде азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, төлемдер қайта есептеліп, негізсіз алынған қаражат қайтарылады.
Сонымен қатар табиғи монополия субъектілерінің міндеттемелерін орындауына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларға шамамен 14 млрд теңге көлемінде қаражатты қайтаруға мүмкіндік беретін уақытша өтемдік тарифтер бекітілген, - делінген ақпаратта.
Мысалы, Қарағанды облысында жүргізілген тексерулер нәтижесінде тарифтік міндеттемелердің бір бөлігі орындалмағаны анықталып, өтемдік тарифтер арқылы тұтынушыларға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылады.
Жылумен жабдықтау саласында да нақты нәтижелер бар. 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша есепке алу құралдары жоқ қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері қосылған құн салығын ескере отырып, 1 554,68 млн теңге көлемінде жылу энергиясы үшін төлемдерді қайта есептеген.
Осылайша, тарифтік реттеу жүйесі тек тарифтерді бекітумен шектелмей, олардың орындалуын толық бақылауды қамтиды. Әрбір анықталған құқық бұзушылық нақты жауапкершілікке әкеледі, ал тұтынушылардың мүддесі мемлекет тарапынан қорғалады.
Айта кетейік, бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.