Хаттама негізінен 2008 жылғы 12 желтоқсандағы тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімнің нормаларын 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шарттың нормаларына сәйкес келтіруді көздейді. Бұл ретте Кеден одағына мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне тарифтік квоталардың көлемін бөлу қарастырылады.
«Қолданыстағы Келісімге сәйкес тарифтік квоталар көлемі бірыңғай кедендік аумақтағы осындай тауардың тұтыну көлемі мен өндіру көлемі арасындағы айырмадан аспауы тиіс. Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне және тарифтік квота мәселелері бойынша бірнеше міндеттемелерді қабылдауына байланысты, Ресей үшін тарифтік квота көлемі бекітілген. Осылайша, тарифтік квота көлемін анықтау кезінде бірінші кезекте Ресей Федерациясының міндеттемелері бойынша көлемі ескеріледі, оған тепе-тең Қазақстан және Беларусь үшін тарифтік квота көлемі белгіленеді. Бірақ бұл көлем Қазақстан мен Беларусьтің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тиісті көлемге сәйкес келмейді», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушы Ерболат Досаев. Оның айтуынша, жоғарыда аталған мәселеге орай, Келісімге тарифтік квота көлемдерін әрбір мемлекеттегі өндіру мен тұтыну көлемдерінің арасындағы айырма шегінде бөлу қарастырылады.
Тұтастай алғанда, құжатты қабылдау Кеден одағына мүше мемлекеттердің арасында тарифтік квота көлемдерін бөлу мәселелерін заңнамалық реттеуге, сондай-ақ Кеден одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындауға ықпал етеді.