Тарихи-діни жәдігер сексен жылдан кейін Шыңғырлауға оралды – БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат – 1930 жылдары Шыңғырлау ауданы орталығында мұсылмандар мешіті жабылып, оның төбесіне орнатылған темірден соғылған ай белгісі күл-қоқысқа тасталады.

Оны сол кезде Шыңғырлауда тұрған Мінәура Бектемірова тауып алып, сақтайды. Аталмыш татар отбасы тоқсаныншы жылдары Орынборға қоныс аударады. Мұны аудан тұрғыны Мырзаболат Қуанаевтан естіген аудандық «Серпін» газетінің редакторы Адақ Шотпанов Орынборда тұратын Бектеміровтер отбасына хабарласады. Сөйтсе, «темір ай» М.Бектемірованың ұлы, қазір зейнеткер, жасы сексенге жетсе де, жұмыстан қалмай жүрген Асхаттың қолында болып шықты.

Жуырда Асхат ақсақал Шыңғырлауға келіп, көне жәдігерді шыңғырлаулықтарға табыс етті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Қалиев мұндай жәдігердің қасиетті рамазан айында елге оралып отырғанын атап өтті. Шыңғырлауда туып-өсіп, елу жылдай тұрған А.Бектеміровке алғыс айтылып, иығына шапан жабылды.