— Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады. Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын, — деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл — кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік.
— Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр. Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті — қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды.
— Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес. Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, жиын барысында Президент Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын құжат болуға тиіс екенін айтты.