Тарихи кесенелер мемлекеттік мүлік ретінде тіркеле ме – вице-премьер жауабы

Фото: Фото: Түркістан облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 500-ге жуық сәулет және қала құрылысы ескерткіштері жеке субъектілердің меншігінде. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

- Бүгінгі күні қызметтері тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға және басқаруға бағытталған 32 мемлекеттік ұйым жұмыс істейді. Елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіштің төмен екені рас. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері саналады. Бүгінгі күні елімізде 500-ге жуық сәулет және қала құрылысы ескерткіштері жеке субъектілердің меншігінде.

Ал, тарихи кесенелер жайлы айтар болсақ, ол – қайтыс болған адамдарды жерлеу орындары және осы орайда мемлекеттік мүлік ретінде тіркелмейді, - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін – Мәдениет және ақпарат министрлігі, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

- Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде болса, Қос ана кесенесі тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Алайда халық арасынан кейбір адамдардың оларға иелік етуде. Осы орайда Түркістан облысының әкімдігі Домалақ ана, Бәйдібек ата кесенелері, Ақмешіт үңгірі бойынша олардың меншіктік тиесілігін ажырату жұмыстарын жүргізуде, - деді Ермек Көшербаев.

Бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана бөлмесінің есігі Алматыдағы «Қырым аралы» ғылыми реставрациялық зертханасының көмегімен қайта қалпына келтірілгенін жазған едік.