Тарихи медаль: Қазақстан құрамасы семсерлесуден әлем чемпионы болды

АСТАНА. KAZINFORM – Гонконг қаласында өтіп жатқан семсерлесуден ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан үшін тарихи нәтиже тіркелді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Санаулы сəттер бұрын Қазақстан командасы (Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов) финалда Украина семсерлесу шеберлерімен күш сынасты.

Бас жүлде үшін болған тартысты айқас 45:40 есебімен аяқталып, біздің төрттік Қазақстанға спорттың осы түрінен әлем чемпионатының алғашқы алтын жүлдесін сыйлады.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бұл Қазақстан ерлер командасы үшін жалпы әлем чемпионатының алғашқы финалы. Осыған дейінгі үздік көрсеткіш - былтырғы қола медаль. Қазақстан бір жыл бұрын Грузия астанасында өткен додада әлемдік деңгейдегі көшбасшы Францияны ұтып, тарихи қола жүлдеге қол жеткізген.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан командасының бүгінгі жекпе-жектер нәтижесі:

Жартылай финал:

Қазақстан - Мысыр 41-32

Ширек финал:

Қазақстан - Дания 45:36

1/8 айналым:

Қазақстан - Өзбекстан 28:27

1/16 айналым:

Қазақстан - Финляндия 45:39

Айта кетейік, семсерлесуден сапы сайысы бойынша ерлер ұлттық құрамасы әлем рейтингінде 5-орында тұр.

Семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы әлем чемпионатының финалына шығып, тарихи нәтиже тіркегенін жазған едік.