Тарихи отанымызға көмектесуге дайынбыз: Шетелдегі қазақ ғалымдары Астанада бас қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры әлемнің түрлі елінде жүрген 40-тан астам қазақ ғалымдарының алғашқы форумын өткізді. Бұл жиын шетелде ғылым мен инновация саласында табысты еңбек етіп жүрген отандас ғалымдар тәжірибесін елдің ғылыми-инновациялық дамуына және стратегиялық мақсаттарына бағыттауды көздейді.
«Отандастар» қорының президенті Данияр Қадыровтың айтуынша, бұл тәжірибе алмасуға және инвестиция тартуға жол ашады.
— Біздің мақсат Қазақстанды инвестициялық тартымды ел ғана емес, шетелдегі қандас ғалымдар әлеуетін көрсету арқылы елімізді ғылыми тартымды мемлекет ретінде де ілгерілету. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтарында табысты еңбек етіп жүрген талантты қазақ ғалымдары еліміздің жаһандық ғылыми қауымдастықтағы айрықша орны мен әлеуетін айқындайды. Еліміз білім экономикасына аяқ басып, дамудың жаңа сатысына бағыт алған кезеңде бұл білікті, саналы, сапалы адами ресурсты ел дамуына тарту ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі болмақ, — деді Д. Қадыров форумның ашылуында.
«Отандастар қоры» 2018 жылдан бері әлемнің 30-дан астам елдегі 200-ге жуық қазақ мәдени орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Оның ішінде шетелдегі отандастар арасында талдамалық зерттеулер жүргізеді, оларға ақпараттық-консультативтік қолдау көрсетеді, шетелдегі қазақ жастарына елімізде білім алу мүмкіндіктерін ұсынады және қазақ тілі мен домбыра үйрету курстарын өткізеді.
Сонымен бірге, «Шетелде жетістікке жеткен отандастардың Қазақстанның дамуына үлестерін қосу тетіктерін зерттеу» тақырыбында екінші жыл қатарынан зерттеу жүргізіліп жатыр.
Бұл зерттеулер Германия, АҚШ, Канада, Дания, Норвегия, Швеция, Малайзия мен Сингапур елдерінде тұратын, бизнесін немесе жобасын Қазақстанда ашуға, өз тәжірибесімен бөлісуге ниетті отандастарымызды ел дамуына тартуға бағытталған. Зерттеу нәтижелері салалық құзіретті органдарға ұсыным ретінде жолданады.
Форум аясында 40-қа жуық ғылыми баяндама жасалды. Медицина, аэроғарыш, жасанды интеллект және тағы бірнеше бағыттың мамандары өз жобаларын таныстырып, ұсыныстарын білдірді.
Мәселен, АҚШ-тың Бостон қаласынан келген ғалым, нанотехнолог Алтынбек Мұрат Моңғолияда туып-өскен. 2007 жылы Біріккен Араб Әмірліктері университетін алтын медальмен бітіріп, бакалавр дәрежесін алған. Кейін, Америкада Миссури университетінде инженерлік менеджмент магистратурасын бітіріп, 2012 жылы компьютерлік физика және нанотехнологиядан докторлық дәрежесін (PhD) қорғаған. MIT-те QAZAQ AI жасанды интеллект платформасының негізін қалаған. 23 жылдан бері түрлі елдерде білім алған ол тарихи отанына қол ұшын созудан аянып қалмайтынын айтуда.
— Қазір Жасанды интеллектінің бізге берер мүмкіндігі сол. ЖИ технологияларын қолданып, бұрын қол жетпеген нәрселерді тезірек жасай аламыз. Басқа елдерде технологиялық, ғылыми конференцияларға жиі қатысамыз. Бірақ «Отандастар» қорытының ұйымдастырған шарасы керемет. Тек әдебиет, руханият, мәдениетпен шектелмей, біз сияқты ғалымдардың да басын қосып, ынтымақтастығын нығайтқанына ризашылығымды білдіремін. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың ғалымы көп. Бұл қазақ елі үшін табылмайтын интеллектуалды ресурс деп ойлаймын. Соларды біріктірсе, елге тигізер пайдасы көп. Ғалымдардың көбі еңбегі қайда бағаланса сонда жүреді. Бірақ біз әрқашан Қазақстанға қол ұшын созуға, көмектесуге, келуге дайынбыз, — деді Алтынбек Мұрат.
Ал Құрманбек Дәуітқан — медицина ғылымдарының докторы, психиатр. Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Үрімжі қаласында дүниеге келген. Шыңжаң медицина университетінің клиникалық емдеу факультетін тәмамдаған. Қазір ол Францияның Париж қаласындағы AP-HP Henri Mondor ауруханасында дәрігер-психиатр болып қызмет етеді.
— Бұл форумда Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қиындықтары, инфрақұрылымның қолжетімді болмауы және оның психикалық әсері мәселесін көтеремін. Мұндай адамдарда әлеуметтік оқшаулану, депрессия, өзін өзі төмен бағалау секілді көңіл-күй қалыптасады. Екінші көтеретін тақырыбым — отбасылық үйлесім, балалық шақтың маңызы болмақ. Сүйіспеншілік, ашық қарым-қатынас, эмоциялық тұрақтылық секілді құндылықтарды балалық шақтан бастап үйрету керек. Бұл кейінгі адам өміріне әсер етеді, оның қиыншылытқарды жеңуіне, қоғамға бейімделуіне көп көмегін тигізеді. Үшінші мәселе — жүктілік пен босанғаннан кейінгі әйелдің жай-күйі көпшіліктің назарынан тыс қалып отыр. Әсәресе туыттан кейінгі депрессия. Әйелдерге отбасы болып, қоғам болып қолдау көрсету керек. Францияда мұндай психиатрлық көмек кешенді жолға қойылған, — дейді Қ. Дәуітқан.
Түркияның Эрзинжан Бинали Йылдырым университетінің профессоры, халықаралық сарапшы Айнұр Ноғаева — 20-дан астам кітап пен кітап тарауларының, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі ғылыми еңбектердің авторы. Ол Түркияның Анкара университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистрлік және докторлық (PhD) дәрежелерін қорғаған. А. Ноағева Қазақстандағы «Кері көш» мәселесін көтерді.
— Кешеден бері Еуропа, АҚШ, Индонезия, Жапония, Қытайда еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдармен таныстық. Олардың көпшілігі қандас статусындағы қазақтар, яғни өткен ғасырда Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақтардың ұрпағы. Ал осы Қазақстанда туып-өскен, тәуелсіз Қазақстанда жұмыс істеген, түрлі себеппен шетелге кеткен қазақтар арасында «кері көш» құбылысы байқалады. Мысалы мен тұратын Түркияда дрон революциясын жасаған Селжүк Байрактар АҚШ-та оқыған, енді сол білімін Түркияда қолданып жатыр. Ал TOGG машинасы шыққанда шетелде жүрген 30 түрік инженер отанына оралған. Енді Түркия медицина саласында да білікті мамандарын қайтаруға әрекет етіп жатыр. Ал Қазақстан көбінесе шетелден менеджерлер алып келеді. Олар қазақ емес, сондықтан қаншалықты қазаққа жаны ашуы мүмкін? Әрине келген ғалымдарға орта жасау керек, инфрақұрылым жасау керек. Қазақстанда Болашақ бағдарламасымен оқып келген мамандар міндетті жұмыс өтілін жасаған соң, қайтадан шетелге кетіп жатыр. Олардың біразы төлқұжатын өзгертпеген, демек еліне қайтуға әлі үміттеніп жүр. Сондықтан Үкімет қазақ ғалымдарына көңіл бөлсе, табылмас стратегиялық ресурс болғалы тұр, — дейді Айнұр Ноғаева.
Бұдан бөлек, форумға Германиядан нейробиология және неврология саласының білікті ғалымы Тұрсынжан Тоқайұлы, Индонезиядан — Халықаралық мектептер кеңесші Құрмет Кәукен, Финляндиядан — Ювяскюля университетінің физика және химия профессоры Қызырбек Сәуленұр, Оңтүстік Кореядан — медицина және биокосметика саласының маманы Еркеш Хамит, Моңғолиядан — Мал шаруашылығы және биотехнология мектебінің кеңесші профессоры Тоқтарбай Сайполда келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл басқосу шетелдік ғалымдармен отандық ғалымдардың бір-бірімен танысып, байланыс орнатуына ықпал етіп, болашақта ірі ғылыми жобалардың тууына негіз болады.
Форумда айтылған ұсыныстар мен ғылыми жобалар арнайы жинаққа топтастырылып, кітап болып жарық көреді. Бұл материалдар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде жіберілмек.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте шетелдегі отандас ғалымдардың еліміздің дамуына қосатын үлесін ерекше атап өткен болатын. Президент олардың бастамаларына институционалдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, Қазақстанда зерттеу жүргізуге шақырды.