Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады — ӨзА
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық, бақ-береке және Өзбекстанның өркендеуі жолындағы қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Президенттер өзара сауда көлемінің артып келе жатқанын және басым бағыттардағы бірлескен кооперациялық жобалардың ілгерілеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың жоспарын қарастырды.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық бизнес ынтымақтастығын кеңейтуде» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың «Dunyo» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінде «Астана» дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметовпен өткен кездесуде екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейту, бірлескен бизнес-шараларды ұйымдастыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да назар аударылды. Атап айтқанда, Эстония компанияларының циркулярлық экономика, қалдықтарды басқару және қайта өңдеу салаларындағы тәжірибесін Өзбекстанға енгізу мақсатында бизнес-миссия ұйымдастыру жоспары қарастырылды. Қазақстан мен Өзбекстан өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы бағыттарында бірлескен жобаларды дамытып келеді.
Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде — Халық газеті
Қытай мен Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырып, оны болашақта басқа елдерге де таратуға ниетті. Бұл туралы Шанхайда өткен 2026 жылғы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында айтылды, деп хабарлайды Қытайдың Халық газеті.
Аталған басылымның мәліметіне сүйенсек, Қытайдың 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Ли Кай-Фудың айтуынша, компанияның жасанды интеллектке негізделген даму жөніндегі ұсыныстары Қазақстанның «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы (2026)» ұлттық жоспарына енгізілген. Сондай-ақ тараптар Q.AI бірлескен кәсіпорнын құрып, білім беру, энергетика, көлік және телекоммуникация салаларында жасанды интеллект шешімдерін енгізуге кіріскен.
Ли Кай-Фу Қазақстанмен жүзеге асырылып жатқан ынтымақтастық моделін «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы басқа елдерге де қолдануға болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл модель жергілікті деректердің егемендігін сақтауға, ұлттық деңгейдегі жасанды интеллект жүйелерін дамытуға және әр елдің цифрлық қажеттіліктеріне бейімделген технологиялық шешімдерді ұсынуға негізделген.
Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Алашанькоу арқылы өткен Қытай — Еуропа жүк пойыздарының саны 5 мыңнан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, биыл Алашанькоу теміржол бекеті арқылы өткен Қытай — Еуропа (Орталық Азия) бағытындағы контейнерлік жүк пойыздарының саны 5 мыңнан асты. Бұл межеге өткен жылмен салыстырғанда 42 күн ерте қол жеткізілді.
21 шілдеде электромобиль бөлшектері мен күнделікті тұтыну тауарлары тиелген кезекті контейнерлік пойыз Алашанькоу бекеті арқылы Еуропаға жол тартты. Осы пойызбен бірге 2026 жылдың басынан бері аталған өткел арқылы өткен Қытай — Еуропа (Орталық Азия) бағытындағы жүк пойыздарының саны 5 мыңнан асты.
Айта кетейік, Алашанькоу Қытайдың Еуропа және Орталық Азия елдерімен теміржол арқылы жүк тасымалын қамтамасыз ететін маңызды шекаралық логистикалық хабтардың бірі саналады. Биылғы көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 42 күн ерте тіркелуі осы бағыттағы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Иран Ауғанстанмен саудада Пәкістанның орнын басты — ParsToday
Иран Ауғанстанның негізгі сауда серіктесіне айналып, екі ел арасындағы сауда айналымында Пәкістанның орнын басты, деп хабарлайды ирандық ParsToday агенттігі.
Мәліметке сәйкес, Исламабад пен Кабул арасындағы шекарадағы шиеленістің күшеюі және Пәкістанның шекаралық өткізу бекеттерін бірнеше рет жабуы салдарынан екі ел арасындағы транзиттік сауда 2026 қаржы жылында 93 пайызға қысқарған. Соның нәтижесінде Пәкістан арқылы жүзеге асатын жүк тасымалы айтарлықтай төмендеген.
Осының аясында Иран Ауғанстанның негізгі транзиттік бағытына айналып, елдің жалпы импортының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, Иран Ауғанстанның шекарааралық саудасындағы Пәкістан порттарының бұрынғы басым орнын алмастырған.
Мәскеуде «Арқаннан ат әбзеліне дейін» атты халықаралық көрме ашылды — Eurasia Today
Мәскеудегі Тимирязев академиясының Жылқы шаруашылығы музейінде «Арқаннан ат әбзеліне дейін» атты халықаралық көрме ашылды. Экспозицияда ирандық және ресейлік суретшілердің туындылары ұсынылып, ирандық миниатюра өнерінің жылқыны еркіндік пен бейбітшіліктің символы ретінде бейнелейтін еңбектері көпшілік назарына қойылды.
Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, көрме Ибн Сина қоры мен Иранның Ресейдегі мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Экспозицияға Иранның әйгілі қылқалам шебері Камаладдин Беһзадтың, сондай-ақ Махмұд Фаршчиан, Хоссейн Исмаили және Реза Бадроссаманың шығармалары енгізілген. Көрмеде ұлттық, діни, мифологиялық және мистикалық тақырыптағы туындылар қамтылған.
Ашылу рәсімінде музей директоры Ольга Владимировна мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтсе, Ибн Сина қоры директорының орынбасары Сейед Нассер Табайи өнердің халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтатынын айтты. Иран Елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі орынбасары Заһра Рашидбейги де екі елдің мәдени байланыстарын дамыту қажеттігін атап өтті. Көрме 26 қыркүйекке дейін жалғасады.
Тарихта алғаш рет адам тәріздес роботтар тірі жануарға ота жасады — TRT
Калифорниядағы Сан-Диего университетінің (UCSD) инженерлері мен хирургтары алғаш рет қашықтан басқарылатын адам тәріздес роботтардың көмегімен тірі жануарға лапароскопиялық әдіспен өт қабын алып тастау операциясын сәтті орындады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.
«TRT»-ның дерегінше, зерттеу барысында екі аяқты гуманоид роботтар алдымен жансыз нысандарда тексеріліп, кейін жансыздандырылған шошқаларға жасалған операцияға қатысты. Хирург роботты қашықтан басқарып, операция кезінде дәрігер-ассистент қолдау көрсетті. Сондай-ақ екінші гуманоид робот та қысқа уақытқа операция процесіне қосылды.
Ғалымдардың Nature журналында жарияланған зерттеуіне сәйкес, адам тәріздес роботтар болашақта дәрігерлер тапшы өңірлерде, төтенше жағдайлар аймақтарында және тіпті ғарыш миссияларында қашықтан хирургиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл — тарихта гуманоид роботтың тірі жануарға хирургиялық операция жасаған алғашқы тіркелген жағдайы.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Барлық ауруға ем табылса да, мәңгі өмір сүру мүмкін емес» деген шағаын мақала жарық көрген болатын.
Аталған мақаладағы келтірілген деректерге сүйенсек, қартаюға байланысты барлық аурудың емі табылған күннің өзінде адамның мәңгі өмір сүруі биологиялық тұрғыдан мүмкін емес. Ресейдегі Сколково ғылым және технология институтының зерттеуі адам өмірінің табиғи шегі бар екенін көрсетті.
Зерттеушілердің математикалық моделіне сәйкес, ағзадағы барлық биологиялық тозуды тоқтату мүмкін болған жағдайда да жасушаларда уақыт өте жиналатын соматикалық ДНҚ мутациялары өмір сүру ұзақтығын шектейді. Компьютерлік модельдеу бойынша, адамның ең жоғары өмір сүру ұзақтығы шамамен 150–190 жас аралығында болуы ықтимал.
Ғалымдардың айтуынша, бауыр мен тері жасушалары үздіксіз жаңарып отырса, жүрек пен ми жасушалары іс жүзінде жаңармайды. Соның салдарынан бұл ағзаларда ДНҚ зақымдары жиналып, уақыт өте олардың қызметі әлсірейді. Зерттеу авторлары бұл қорытынды нақты болжам емес, қартаю механизмдерін түсіндіруге арналған математикалық модель екенін атап өтті. Мамандардың пікірінше, болашақ зерттеулердің негізгі мақсаты өмірді шексіз ұзарту емес, адамның қартайған шақта денсаулығын сақтап, өмір сапасын жақсарту болуы тиіс.