60 жастағы Абрамсон New York Times газетінің редакциялық ұжымын басқарған тұңғыш әйел болған.
Оның кетуі жөнінде қызметкерлерге баспагер, New York Times компаниясының басшысы кіші Артур Сульцбергер хабарлаған. Ол Абрамсонның неліктен қызметтен кеткенін айтпады.
«Мен New York Times-та өз ісін жақсы білетін әлемнің ең үздік журналистерімен қуана жұмыс істедім», - делінген Джилл Абрамсонның мәлімдемесінде.
Абрамсон тез арада өз орнын босататыны, оның орнын Пулитцер сыйлығының иегері Дин Бакет басатыны айтылады.
57 жастағы Бакет Los Angeles Times-тің бұрынғы редакторы болған. New York Times-тың 162 жылдық тарихында алғаш рет афроамерикалық газет редакциясын басқармақ.
Reuters агенттігі хабарлағандай, Сульцбергер Абрамсонның орнын басатын адамның атын айтқан кезде газет редакциясы шапалақтарын аямаған.