Тарихта алғаш рет жылына 100 млн тонна мұнай өндіру межесін еңсереміз - Энергетика министрі

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика саласының жаһандық трансформациясы аясында Қазақстан XVI Еуразиялық KAZENERGY форумын өткізуге дайындалып жатыр. Осы орайда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің неліктен күрделі халықаралық диалогта модератор рөлін алып жатқаны, қандай технологиялық жетістіктерге басымдық берілетіні және Қазақстанның жаңа энергетикалық архитектурадағы орны жөнінде айтып берді.

— Қазір Қазақстан үшін ең өзекті саналатын әлемдік энергетикалық сектордың негізгі үрдістері мен жаһандық сын-қатерлері қандай?

- Бүгінде барлығы мән беріп отырған негізгі үрдіс – ол экономикалық, әлеуметтік және экологиялық талаптардың арасында ақылға қонымды тепе-теңдікке қол жеткізу. Әлемде мұны әдетте «орнықты даму» деп атайды, бірақ Қазақстан үшін бұл энергетикалық прагматизм мен ұлттық мүддені қорғауды білдіреді деп айтар едім. Біз жаһандық сын-қатерлерді, соның ішінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және ауқымды жаңғырту қажеттілігін шешеміз. Осы қадамдарды өзіміздің нақты жағдаймызға және басым бағыттарымызға сүйене отырып жасаймыз.

Біздің стратегия – энергетикалық егемендікті жүйелі түрде нығайту. Шынайы теңдестірілген энергетика кешенін қалыптастырамыз. Бұл тұрғыда сенімді базалық генерация іргетас ретінде қаланып, жаңа технологиялар бүкіл жүйенің тиімділігін арттыруға қызмет етеді.

Алдағы 10-15 жылда мұнай мен газ еліміздің энергетикалық балансында қандай орын алады? Өндіріс пен экспорттық әлеуетті нығайту үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

— Әрине, мұнай мен газ алдағы 10-15 жылда экономикамыздың және энергетикалық қауіпсіздігіміздің негізі болып қала бермек. Өйткені, дамушы елдерде, әсіресе Азияда 2050 жылға дейін көмірсутектерге деген сұраныстың арта түсетінін түрлі сараптамаларда айтылып жатыр. Біздің міндетіміз - осы ресурстық әлеуетті барынша тиімді пайдалану.

Мұндағы басты басымдық – өндіру көлемін сақтау және арттыру. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейту жобаларын жүзеге асырудың арқасында таяу арада жылына 100 миллион тонна мұнай өндіру межесін еңсереміз. Бұл тарихтағы алғашқы жетістігіміз болады. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздіктің кепілі саналатын экспорттық бағыттарды әртараптандыру мәселесін шешіп жатырмыз.

Қазір Қазақстан өнімді тереңдетіп өңдеуге қаншалықты дайын және осы сала жаһандық сын-қатерлерге қалай төтеп бере алады?

— Қазақстан бұл үрдіске толықтай дайын және қазірдің өзінде тереңдетіп өңдеуге белсенді түрде көшу процесінде деп сеніммен айта аламын. Мұнай өңдеу саласын дамытудың бекітілген тұжырымдамасы аясында үш мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын жылына 18 млн-нан 29 млн тоннаға дейін ұлғайту жобаларын бастап жатырмыз.

Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есеге ұлғайып, 12 млн тоннаға, ал Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары сәйкесінше 6,7 және 9 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұл бізге K5 ең жоғары экологиялық санаттағы мотор отындарын шығаруға және алдағы уақытта К6 санаты жайында, сондай-ақ Jet A-1 халықаралық стандартындағы авиациялық отынын шығару туралы ойлануға мүмкіндік береді.

Өңдеу процесінде жаңа әрі жоғары технологиялық индустрия құру үшін эксклюзивті шикізатты өндіреміз. Қазірдің өзінде полипропилен шығару бойынша газ-химия зауыты сәтті жұмыс істеп тұр, полиэтилен өндіретін алып кешеннің құрылысы жүріп жатыр.

Болашақта жалпы инвестиция көлемі шамамен 15 млрд долларды құрайтын бутадиен мен карбамид өндіру жобалары бар.

Атап айтқанда, жаһандық сын-қатерлерге технологиялық тиімділікпен жауап беруге болады. Бұл ретте ресурстарымызды тиімді пайдалану үшін озық технологияларды енгізуге екпін қойылған. Осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткіздік: ілеспе газды жағу көлемі 75 пайыздан астам қысқарды.

— Әлемде энергетикалық теңгерімнің болашағы туралы белсенді талқылау жүріп жатыр. Экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін сенімді және тұрақты энергетикалық жүйені құрудағы Қазақстанның стратегиялық тәсілі қандай?

— Бұл мәселеде Қазақстан әрбір энергия көзі өзінің нақты қызметін атқаратындай көп деңгейлі әрі теңгерімді жүйесін құрып жатыр. Біздің жағдайда сынақтан өтпеген иллюзиялар мен түрлі дәлелсіз шешімдерге ұмтылу кейіннен еліміз үшін шығынды болатынын түсінуіміз керек. Сондықтан нақты инженерлік және экономикалық есептеулерге сүйенеміз.

Алдағы онжылдықтарға арналған энергетикалық тұрақтылығымыздың негізі - ол сенімді базалық генерация. Бұл базаның іргетасы – көмір саласы. Қазақстанның орасан зор көмір қоры бар және бұл стратегиялық активіміз. Осы ресурс арқылы тәулік бойы үздіксіз және арзан энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Министрліктің міндеті - бұл артықшылықтан бас тарту емес, оны мүмкіндігінше заманауи және технологиялық ету. Сондықтан экологиялық жүктемені түбегейлі азайтатын озық «таза технологияларды» пайдалана отырып, көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу электр орталықтарын салуға назар аударып отырмыз.

Жүйенің екінші деңгейі - жоғары маневрлік мүмкіндіктері бар қуат көздері. Мұнда газ негізгі рөл атқарады. Газ станциялары желідегі теңгерімді сақтауға қажет.

Ал үшінші компонент – жаңартылатын энергия көздері. Олар елдің энергетикалық балансында, әсіресе әлеуеті жоғары өңірлерде өз орнын алады. Дегенмен, олардың дамуы желі тұрақтылығына және түпкілікті тарифке ықпалын міндетті түрде ескере отырып, жүзеге асырылады.

Сондықтан тұрақсыз генерацияның салдарынан бүкіл жүйеге қауіп төндіретін немесе тұтынушылар мен өнеркәсіпке ауыртпалық түсіретін жағдайға жол бермейміз.

Дәл осы үш деңгейлі қадам Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігіне кепілдік береді.

— Қазақстан сутекті өндіру мен экспорттауды өзінің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастыра ма?

— Иә, сутекті энергетика перспективті бағыттарының бірі деп есептейміз, бірақ бұл мәселеде асығыстыққа жол бермейміз. 2024 жылы Қазақстанда саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданды, ол қазіргі кезеңде терең ғылыми зерттеулер жүргізуге, пилоттық жобаларды жүзеге асыруға және қолда бар барлық технологияны зерделеуге бағытталған.

Міндетіміз – ресурстарымызды пайдалана отырып, сутегі өндірісінің экономикалық және технологиялық әлеуетін нақты түрде бағалау. Бұл тұрғыда экономикалық тиімділік пен бәсекеге қабілетті өнім жасай білу басты талап саналады.

— Алдағы жылдары қандай жаңа электр станцияларын салу жоспарланған?

— Нақтырақ айтсақ, 2035 жылға қарай 26,3 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарымызда әртараптандырылған энергия көздері қамтылған. Шамамен 5,5 ГВт жұмыс істеп тұрған стансаларды қайта құру және кеңейту есебінен қамтамасыз етіледі. Оңтүстік және батыс өңірлерде жалпы қуаттылығы 2,5 ГВт-тан астам маневрлі газ қондырғыларының құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар, қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жалпы қуаттылығы шамамен 1 ГВт болатын және көмірмен жұмыс істейтін жаңа ЖЭО-ларды салу жоспарланған. Мұнымен қоса, қуаттылығы 2,4 ГВт болатын атом электр станциясын салу жобасын іске асыру пысықталып жатыр, ол таза базалық энергияның сенімді көзіне айналатыны сөзсіз.

KAZENERGY форумынан қандай нақты практикалық шешімдер мен келісімдер болады деп ойлайсыз?

— Біз үшін KAZENERGY – ең алдымен, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс алаңы. Іс жүзінде маңызды коммерциялық құжаттар мен мұнай-химия, инфрақұрылымды жаңғырту және дәстүрлі энергетикада озық технологияларды енгізу саласындағы жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылмақ.

Сонымен қатар, форумда мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту бойынша мазмұнды келіссөздерді бастауға әлеуетті инвесторлар үшін Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасының таныстырылымын өткіземіз. Әрбір осындай құжат - инвестиция мен технология тартуға бағытталған нақты қадам.