Тарихтан жаңа құндылықтарға дейін: Түркі кездесуінде не талқыланбақ
АСТАНА. KAZINFORM – Кәрі құрлықтағы түркі тектес ел – Мажарстанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтпек. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Жалпы, 16 жылдық кезеңінде бұл халықаралық ұйымның белсенділігі артып, жаһандық саяси аренаның назарына іліге бастады. Ал ендігі басқосуда қандай дүниелер талқылануы мүмкін? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы осы тақырып жөнінде толғап көрді.
Ұйымның «алтын қазығы»
Алдымен Түркі елдерін тарих пен мәдениет, оған қоса экономика біріктіріп отырғанын ескерген абзал. Қазір ұйымның 5 мүшесі бар – Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан. Ал Мажарстан, Түрікменстан мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мәртебесіне ие. Осы тұста ұйымның мүшесі мен бақылаушыларын қоса алғанда, жалпы ішкі өнімі 2,2 трлн долларға жуықтайтынын айта кетейік. Ең алпауыты Түркия болса (1 340 млрд доллар), Қазақстан екінші ықпалды экономика саналады (292,5 млрд доллар).
Экономикалық тұрғыда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысты елдердің қарқыны, шамасы қандай деңгейде? Бұл сауалға келгенде әр елге жеке тоқтала аламыз. Мысалы, Түркия – ірі экономикасы бар мемлекет. Бұл ел өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша жақсы дамыған. Түркияның аймақтық және жаһандық сауда байланыстары Түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық қозғалтқыш рөлін атқарады.
Қазақстан – ТМҰ-ның тағы бір ірі экономикасы. Ел экономикасы негізінен мұнай, газ және пайдалы қазбаларға негізделген. Қазақстан «Орта дәліз» арқылы логистикалық орталық ретіндегі рөлін арттыруды көздеп отыр.
Ал Әзербайжанның экономикасы мұнай мен газ экспортынан үлкен пайда көреді және ол еуразиялық көлік дәлізінің маңызды бөлігі ретінде дамуда.
Өзбекстан экономикасында ауыл шаруашылығы мен тоқыма өнеркәсібі маңызды рөл атқарады. Қазір экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырып жатыр.
Тағы екі ел – Түрікменстан негізінен газ экспортына, ал Қырғызстан ауыл шаруашылығы мен гидроэнергетикаға тәуелді.
Бақылаушы ел Венгрияның экономикалық қуаты жоғарырақ, Еуропалық Одақпен тығыз экономикалық байланыстары бар, бұл ұйымның еуропалық нарыққа шығуына ықпал етпек.
Енді негізгі жайттың біріне келейік. Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымы аясында түркі елдері арасында экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Түркі елдерінің инвестициялық қорын құру туралы ұсыныс жасалған еді.
Бұл қор мүше елдер арасында ірі жобаларды қаржыландыруға, экономикаларды әртараптандыруға және өңірлік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Қорды құру туралы бастама алғаш рет 2019 жылы Түркі Кеңесінің саммитінде көтерілген болатын, ал кейінірек әр мемлекет заң жүзінде бекітіп, алғашқы жарналарын салды.
Қор көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы маңызды жобаларға қаржы салуға бағытталады. Бұл мүше елдердің экономикаларын дамытуға және олардың арасындағы байланысты күшейтуге көмектеседі. Шағын және орта кәсіпорындарды қолдау арқылы жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға және инновацияларды дамытуға ықпал ете алады.
Инвестициялық қордың жарғылық капиталы 500 млн долларды құрайды. Ұйымға мүше 5 ел 70 млн доллардан құяды (350 млн доллар) және акция шығару арқылы 150 млн доллар тартылатыны жоспарланған. Келешекте бұл қор ұйымның негізгі бір діңгегіне айналуы мүмкін.
Кеше мен бүгін: саммитте қандай жоспар айтылмақ?
Былтыр қарашада Қырғызстан астанасы Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының ХІ саммиті өткен еді. «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбында өткен басқосу нәтижесінде 8 құжатқа қол қойылды. Орта дәлізді дамыту жайы сөз болды. Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара сауда айналымы 45 млрд доллардан асқаны да тілге тиек етілді.
Бұл жолғы түркі халықтарының бейресми жиыны кәрі құрлық төрінде – Мажарастанда өткізілмек. Қандай жобалар айтылып, жоспарлар құрылуы мүмкін? Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бейресми саммит алғаш рет Түркі мемлекеттері ұйымына мүше емес, бақылаушы елде өткелі отыр. Бұл – Мажарстанның батыс пен шығыс арасына дәнекерлеуші, байланыстырушы екенінің көрсеткіші.
– Жиында осы ұйымның алдағы стратегиялық бағыты талқыланып, геосаяси жағдайдағы Түркі мемлекеттерінің ықпалдастық жөніндегі перспиктиваларының болашағы һәм мүмкіндіктері сөз болады.
Түркі мемлекеттері ұйымы - әскери блок емес, ол экономикалық һәм мәдени интеграцияны күшейтетін туыс елдер арасындағы жоба. Ұйым мүше елдердің көпвекторлы саясатын күшейтеді әрі халықаралық саяси аренада әр мемлекеттің абыройын нығайтуға мүмкіндік беретін платформа іспетті, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, кейінгі 5 жылда Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы артты деп нақты айта аламыз. Қазір әлемдегі кикілжіңге толы уақытта бұл ұйымға сұраныс, қызығушылық еселеніп отыр. Орталық Азияның да ықпалы өсті. Түркияның Таяу Шығыстағы рөлі нығайғанын айтуға да болады. Бұған қоса Украинадағы қақтығыс болып жатқан уақытта әлемде Орталық Азияның беделі көтерілді. Еуропада Мажарстан секілді жаңа орталықтар қалыптасты. Бұның бәрі Еуразиядағы халықаралық жағдайдың үлкен өзгерістерге ұшырап жатқанын көрсетеді.
– Түркия мен Мажарстан – НАТО-ның мүшесі. Ал біз Қытайдан Еуропаға дейінгі логистиканың, транспорттық жолдардың бойында тұрмыз. Әзербайжанның байланыстыру рөлі, одан әрі Түркия, Мажарстан – бізге Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін хаб. Қазір Түркі әлемінің логистикалық әлеуеті артты. Небір бәсекелестікке толы жобалардың болуына қарамастан даңғыл жол сала алдық.
Осы күні «Түркі мемлекеттері ұйымы үлкен орталыққа айнала ма?» деген сауалдар қойылуда. Ұйым Таяу Шығысқа да, батысқа да жолдар ашты. Әсіресе, кәрі құрлыққа экспорт жөнелту жеңілдеді. Таяу Шығысты да ұмытпаған жөн. Себебі біз араб елдерімен де байланысты күшейтіп жатырмыз. Сонда Оңтүстік және Орталық Азия, Балқан, Қара теңіз, Каспий, Таяу Шығыс, Еуропа – барлығы Түркі мемлекеттерінің жобасымен байланысып тұр, – деп толықтырды Жанат Момынқұлов.
Бұған қоса саясаттанушы кезек күтіп тұрған мәселелер да барын жасырмады: ұйымға мүше елдердің экономикасын бір-біріне үйлестіретін, сәйкестендіретін, келіспеушілікті болдырмайтын механизмдерді жаңа деңгейге шығару керек. Қауіпсіздікке байланысты мемлекеттердің көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Осыларды реттеп, ортақ мүддеге бұрып, сенімділікті арттыру қажет. Сонда ғана келешекте Түркі мемлекеттері ұйымы үлкен геосаяси орталыққа айналады. Сол кезде әскери, саяси, экономикалық салалардың бәрі қамтылмақ.
– 2021 жылдан бастап жапон, араб тілдерінде Түркі мемлекеттері туралы материалдар көптеп шыға бастады. «Жаңадан әскери блок құрылып келе жатыр ма?» деген сұрақты қозғаған. Яғни, медиада да ұйымға қызығушылық артты. Өйткені халықаралық саясат теңселіп, қайта құрылымданып жатқан уақытта ұйым маңызын көрсетті. Бұл елдерді алдағы уақытта тарих пен мәдениет қана емес, құндылықтар біріктіруі керек.
Дегенмен ұйым ішінде де түрлі салаларды қамтитын бірнеше альянстардың болғаны жөн. Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан үштік одақ ретінде көрінеді. Негізі түркі әлемінің діңгегі – осылар. Әзербайжан мен Түркия арасында қазір осындай альянсқа ұқсас бірлестік құрылып жатыр, – деп қорытындылады халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Азиялық зерттеу бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукеннің ойынша, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті алғаш рет бақылаушы елдің аумағында өтуі – Мажарстанның ұйымға мүше елдермен ынтымақтастыққа мүдделілігін және өзінің түркі бағытын дамытып жатқанын көрсетеді.
– Осыған байланысты саммит қорытындысы бойынша, Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиялық даму бағытын айқындайтын Будапешт декларациясы қабылдануы жоспарлануда. Сонымен қатар, саммит аясында сауда, логистика, қаржылық мәселелерді реттеу, экология және мүше мемлекеттердің өзара байланысын нығайту салаларында бірқатар келісімдер қабылданады деп күтіліп отыр.
Саммиттің Венгрияда өтуі Қазақстан үшін де аса маңызды, өйткені көлік және өзара байланыс салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету ең алдымен Транскаспий дәлізін дамытуға басымдық береді. Бұл өз кезегінде еліміздің сауда-логистикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік ашады, – дейді маман.
Қорыта айтқанда, Мажарстандағы басқосудан күтеріміз көп. Аты бейресми демесеңіз, барша түркі әлемінің келешегіне қатысты маңызды шешімдер қабылданары анық.