Тарихы терең теңге бұл!
Ең алғашқы ұлттық валютамыз - қазақ теңгесі ел тәуелсіздігін алғаннан кейін көп ұзамай 1993 жылы шығарылды.
Дегенмен, бұл теңге еліміздегі алғашқы ақша емес. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қазақ даласында сауда, айырбас ертеден қалыптасқан. Көшпенді қазақ халқы мал, бағалы аң терілері, алтын, күміс кесектерін де тауар айналымы ретінде пайдаланған. Ұсақ бөлшек саудада көбіне мыс фельстер қолданылды. Түркі кезеңіндегі монеталарға аверс (тиынның оң беті) бетінде басылған таңбалар, жыртқыш аңдардың суреті, бейнеленген. Белгілі археолог К.Байпақов жетекшілік еткен зерттеу тобының археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде, «Отырар алқабы: Күйік-Мардан, Алтынтөбе, Жалпақтөбе қала жұрты» атты еңбегі жарық көрді. Олар Отырар алқабындағы Күйік-Мардан қала жұртынан теңгелердің табылғанын, олардың VІІ-VІІІ ғасырларға жататынын және ол теңгелерде арыстан бейнесі мен таңбалардың бедерленгенін келтірген. Өткен жылы қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып, оның нүктесі көне Тараз жерінде қойылды. Бұған себеп - қазақ халқы тарихында бұл шаһардың орны ерекше екендігі. Шамамен 704-766 жылдары Тараз шаһарында қола теңгелер өндірілген. Осыдан-ақ Түргеш қағанатының қуатты мемлекет болғанын аңғарамыз.
Қазақ жерінде ақша жасау ісі Қарахан әулеті тұсында қарқынды өріс алды. Бұл әулет ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін ақша айналымындағы тиындар «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни, қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті қыпшақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүрген ақшаның атауымен, мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монет соғатын ірі сарайлар болған. Қазақстан аумағындағы сол кездегі қалалардың бірі - Тараз, Жент, Кенже теңге сарайларын айтуға болады. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген. Түрлі геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, жыртқыш аңдар, аңшы бейнесі, ислам дінінің суннит ағымының белгілері соқтырылған. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі салынса, енді бірінде тотықұстың суреті бар. Алтыннан соғылған тиынды динар, ал, күміс тиынды «дирхем» деп атаған. Ал, қазіргі біз айтып жүрген теңге атауы Алтын Орда кезеңінде қолданыла бастады. Жібек жолында дирхем мен динардан басқа, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша атаулары да қолданыста болды. Кейбір деректерге қарағанда, қазақтар қағаз ақшаны аққұйрық, ал, металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, соқыр, жармақ, тиын деп әртүрлі атаған. Алтын мен күмісті салмағы мен көлеміне қарай тайтұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, ботагөз деп атағаны да көне деректерде кездеседі. Қазақ ақшасының тарихы, міне, осылай басталған. Ресей патшалығының әкімшілік жүйесіне байланысты ақша саясаты да өзгерді. Ішкі және сыртқы сауда айналымына ендігі кезекте біздің халық ресейлік ақша белгілерін қолдана бастады. Ал, өзіміз шет жағасына куә болған өткен жиырмасыншы ғасырда рубльмен есеп айырыстық. Бұл үрдіс ел тәуелсіздігін алып, өз алдымызға дербес мемлекет болғанға дейін жалғасты.
«1993 жылы ақша ауыстыру кезеңінде Алматы қаласындағы Калинин аудандық банкіне орталықтан жіберді. Сол кездегі жұмыстарымызды ойласам қолмен санап шыққан есепсіз қағаз ақша, кәдімгі есепшот есіме түседі. Біз тәулік бойы банк қоймаларында ақша санайтынбыз. Жолаушы тасымалдау автобустарынан түскен кілең 3 сомдық рубльдер тау-тау болып үйіліп жататын. Талай ұйқысыз түндер өтті» деп еске алады ұзақ жылдар еліміздің қаржы саласында еңбек еткен Майко Сағындықова апамыз. Бұл дәл сол ақша айырбастау кезіндегі қарбалас. Ал, оған дайындық ертерек басталып кеткен еді. 1991 жылы саяси жағынан тәуелсіздік алғанымызбен, біздің экономикамыздың сан саласы Ресеймен, басқа да одақтас мемлекеттермен тығыз байланыста болды. Төл валютамыз болмай экономикалық жағынан Ресейге тәуелділіктен арыла қоюдың қиын екенін уақыт дәлелдеді.
«Ақша» да, «алтын» да емес, «теңге»!
1991 жылы ҚР Жоғарғы кеңесінде Елтаңба мен Тудың кескінін талқылау барысында ұлттық валюта енгізу мәселесі де туындады. Ұлттық валютаны айналымға енгізбей тәуелсіздікті экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкін емес екендігіне көз жетті. Төл валютамызды дайындауға өте құпия түрде жұмыстар жүргізіле бастады. 1992 жылдың 27 тамызында ҚР Ұлттық банкі басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ғалым Байназаров - Қазақстан мемлекетінің тұңғыш бас банкирі, ұлттық валютаның дүниеге келуіне үлес қосқан және шығу тарихының куәсі болған тұлғалардың бірі. Қазақ валютасының атауы, дизайны ұзақ талқылаудан өтіп, бекітілді. Төл валютамызды «ақша», «алтын» деп атау жайлы да ұсыныс болды. Дегенмен, ақылдаса келе түркі сөзі «теңге» болғаны дұрыс деген тоқтамға келді. Суретші-дизайнерлер Хайролла Ғабжәлелов, Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин және Ағымсалы Дүзелхановтар жедел және өте құпия түрде жаңа купюраның бет-бейнесін жасап шықты.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы:
- Қазіргі Қазақстан территориясының ежелгі тарихында өзге мемлекеттермен белсенді тауар алмасуда өз экономикалық даму деңгейіне сәйкес қаржы-қаражат жүйесін құрған және өз ақша белгілері болған. Археологтар ең ежелгі ақша белгілерін Отырар, Тараз, Түркістан, Баласағұн және тағы басқа да Қазақстанның көне қалаларын қазу барысында тапқан. Алтыншы ғасырға тән металл монеттері де табылған. Орта ғасырлық кезеңдегі, XII ғасырдың басындағы металл монеттерді шығаруда монет сарайлары неғұрлым дамыған технологиялар қолданған. Бұл кезеңде монеттер күміс және алтыннан жасалып, оның жасалған мерзімі көрсетілген. Мұндай монеттер «танга» деген ортақ атауға ие болған.
ХVІІ ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының құрамына кіріп, оның территориясында ресейлік ақша белгілері кеңінен таралды. КСРО құрылғаннан кейін, өзге де одақтас республикалардағыдай Қазақ КСР территориясында да КСРО-ның ақша белгілері мен металл монеттерімен есеп айырысты. Айта кету керек, кеңес рублі - КСРО валютасы 1923 жылдан 1991 жылдың 26 желтоқсанына дейін қолданыста болды. 1989 жылдан басталған КСРО-ның күйреуі 1991 жылдың желтоқсанында аяқталды. Қазақ КСР Парламенті 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады және осы өкілдігі жоғары мемлекеттік органның шешімімен 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып атауын өзгертті. Содан соң, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, онда Қазақстан Республикасында тұңғыш рет өз бетінше қаржы-несие жүйесімен ақша-несие саясатын жүргізу туралы заңға негіз қаланды.
1993 жылдың 13 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заң қабылданды. Осы заңда Қазақстанның Ұлттық банкі Қазақстан Республикасы территориясында өз бетінше ақша-несие саясатын жүргізуге құқылы және бірден-бір банкнот пен монет эмитенті болып саналатыны анық көрсетілген.
Саяси және экономикалық жағдайға байланысты 1993 жылдың 15 қарашасына дейін елімізде бұрынғы КСРО-ның ақша белгілері айналыста болды. Қазақстан Республикасы кеңес рублі аймағын тастап шыққан ең соңғы ел. Бұрынғы Кеңестер Одағының барлық республикалары, оның ішінде Ресей де 1993 жылдың тамызына дейін өз ұлттық валюталарын айналысқа шығарып үлгерді. Қазақстанның Ұлттық банкі сол кездегі экономикалық қиын ахуалды сезініп, 1992 жылдың бірінші жартысынан-ақ ұлттық валюта шығаруға, болашақ қазақстандық ақша нарығын қалыптастыруға жұмыс істей бастады. 1992 жылдың қарашасында Қазақстанның Ұлттық банкі мен Ұлыбританияның «Harrison & Sons Limited» («Харрисон және оның ұлдары») фирмасымен ұлттық валютаны жасап шығару жайында өзара келісімшартқа отырды. Істі қолға алғаннан кейін қазақ мемлекетінің тарихы зерттеліп, болашақ валютаның атауы - «ТЕҢГЕ» дүниеге келді. Әртүрлі елдердің банкноты мен монетінің дизайнын зерттей келе портреттер бейнеленген дизайн таңдап алынды. Болашақ банкнот пен монет дизайнын қазақ суретшілері «Harrison & Sons Limited» фирмасының дизайнерлер тобымен бірлесіп жасап шықты. Ұлттық валюта дизайнына тарихи-мәдени маңызы бар қазақ ғылымы мен мәдениеті өкілдері, қазақ мемлекетінің негізін қалаған хандардың портреті бейнеленіп, қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Банкнот құрылымына келер болсақ, классикалық валюта аталымынан тұрады. Олар жеті аталымнан құралды: 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 теңге. Ал, теңге 100 тиыннан құралды. Олар 1, 2, 5, 20, 50 тиын. Осылайша, 1992 жылы желтоқсанның басында Лондон қаласында орналасқан «Harrison & Sons Limited» фирмасында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті өкілдерінің қатысуымен банкноттың өндірістік үлгілеріне қол қойдым. Ұлыбританиялық фирма қазақстандық валютаны басып шығаруды 1993 жылдың наурызында аяқтады. Жаңа валюта сәуір-мамыр айларында елге жеткізілді. Теңге әлемдегі қорғаныштық қабілеті жоғары валюталардың бірі болды. Кейбір купюралардың 14-ке дейін қорғаныштық элементі бар еді. Теңгенің заманауи дизайны мен жоғары сапасы үшін «Harrison & Sons Limited» фирмасы Ұлыбритания патшайымының 1993 жылдың қорытындысы бойынша үздік сапалы өнім аталымы медалімен марапатталды. Қазақстан Ұлттық банкі ұжымының іскерлігінің арқасында және өз кіріс есебімен 1993 жылдың 1 шілдесіне дейін ақша нарығы нысандарының барлық инфрақұрылымы құрылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Олар: Электронды валюта биржасы, Монета сарайы, Банкнот фабрикасының бірінші кезеңі, Алтын валюта қоры, Мемлекеттік валюта қоры мен қымбат бағалы металдарды сақтау қоймасы, Қазақстанның ішкі және сыртқы төлем жүйесі.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында елімізде ұлттық валюта - теңге айналымға енгізілді. Бір теңге 500 кеңес рубліне тең болды. Рубльді ұлттық валютаға айырбастау 1993 жылдың 15 қарашасында сағат 8-де басталды және үш күн ішінде рубль мен теңге қатар қолданыста болды. Ал, 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық валюта - теңге Қазақстан территориясында бірден-бір заңды төлем құралы болып саналады. 1993 жылдың 20 қазанынан бастап теңгенің өзге елдердің валюталарына шаққандағы бағамы белгіленді, оның ішінде АҚШ-тың 1 доллары 4,75 теңгеге тең болды.
Ұлттық валютаның енгізілу кезеңі Кеңес Одағының құлау кезеңі деуге болады. Одақтың тарауы және жоспарлы экономиканың күйреуі бұрынғы одақтас Республикалар экономикасын өте күрделі тоқырау жағдайына алып келді. Посткеңестік кеңістікте экономиканы бір орталықтан басқару тетігінің қолдан шығып кетуінен эволюцияның даму сатысын жеделдетіп жүгіріп өтіп, өте қысқа мерзімде нарықтық экономиканы құруға ұмтылыс, Ресей үкіметінің бағаны шектен тыс либерализациялауы салдарынан рубль аймағында гиперинфляцияның белең алуы, өндіріс пен халықтың мардымсыз табысы күнкөріс деңгейін күрт төмендеуін қалыптастырды. Қазақстанда инфляция деңгейі 1991 жылы 147,1 пайыздан 1992 жылы 2960,8 пайызға, 1993 жылы 2165,0 пайызға, ал, 1994 жылы 1158,3 пайызға дейін жетті. Осындай қалыптасқан ауыр жағдайға қарамай, мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Ұлттық банктің қаржы күшімен дербес кредит саясаты ұстанымы арқасында еліміздің өнеркәсіптік өндіріс әлеуеті мен агроөнеркәсіптік кешенін дағдарыс апатынан сақтап қалды. Бірте-бірте гиперинфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік туды. 1998 жылға қарай экономикада өсім айқын байқалды.
Ұлттық валютаны енгізу тәуелсіз Қазақ елінде, Қазақстан халқы өмірінде үлкен тарихи оқиға! Мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында теңге өзінің тарихи міндетін абыроймен атқарды деуге толық негіз бар. Ал, белгілі халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағалауы бойынша еліміздің қаржы-банк жүйесі ТМД бойынша үздіктердің қатарында.
Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ, тұңғыш теңге авторларының бірі, суретші-дизайнер:
- Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 25 жыл болып отыр. Өткенге көз жүгіртсек, еліміз бүкіл әлемге танылған мемлекетке айналды. Дербес мемлекет болғаннан кейін өз шекарамыз белгіленіп, өз әскеріміз, өз ақшамыз болуы керек деген пікірлер айтыла бастады. Ұлттық валютамызды жасап, айналымға енгізу жайлы пікір өте орынды еді. Тұңғыш теңге несімен құнды? Ол кезде жоқтан бар жасалды. Ұлттық валютамызды жасап шығару үшін жұмыстар 1992 жылы қолға алынды. Ол экономикамыздың тұралап жатқан шағы еді, инфляция болып жатыр, орыстар басым, тауарлар қат... Сондай заманда біз іс бастадық. Ұлттық банкте Ғалым Байназаров төраға, оның орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов еді. Олар - нағыз қазақы, рухы мықты жігіттер. Біз топ құрып бірге жұмыс жасадық. Халық депутаты, суретші Тимур Сүлейменовпен бірге «Қазақстанның дизайн орталығы» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашып, ұлттық валютаны жасау үшін арнайы құрылған кәсіпорынның қосарлы құрылтайшысы атандық. Тимурды «Қазқалақұрылысжобалауда» бірге жұмыс істеген жылдардан бері білетінмін. Күндіз қолымыз бос емес, кешкісін бірде оның, бірде менің үйімде кездесіп, қазақстандық болашақ ақшалардың нобайын, сұлбасын салатынбыз. Қолымызда ешқандай дерек, мәлімет жоқ. Соның өзінде ізденіп жүріп, сызып, алғашқы дизайнын жасадық. Банкноттардың негізгі идеясы мен құрылымын талқылап алып, Ұлттық банк төрағасы
Ғалым Байназаровтың қабылдауына жазылдық. Банкноттардың нобайын көрсетіп, нәтижесінде, біздің дизайнерлік топ бекітілді. Тимур бұл іске талантты суретшілер Меңдібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелхановты тартуды ұсынды. Осылайша, іске кірістік. Жоғарғы кеңестің саяжайын жалға алып, көшіріп көбейтетінді қойдық. Бояуларды таптық. Тарих пен археология бойынша кітаптар мен альбомдарды жинап алдық. Ұлттық банктің кітапханасынан бізге бағдар үшін «Дүниежүзінің валюталары» атты үлкен киіз кітап берілді. Арамызда бұрын-соңды ақшаның суретін салған адам жоқ, сондықтан, ісіміз баяу жылжыды. Әуелі купюралардың көптеген нұсқасы жасалды. Республиканың Жоғарғы кеңесі жанынан арнаулы комиссия құрылды. Олар барлық ұсынысты қарап шығып, кейінірек купюраларда пайда болған суреттерді бекітті.
Англияға бірнеше рет барып-келіп, байыз таппадық. Бір барғанымызда ағылшындар алдымызға дайын 1,3 және 5 теңгенің банкнотын әкеліп көрсетіп, «Мынау сендердің банкноттарың» дейді. Қарасақ, құр әшейін, жай лотерея билетіне ұқсайды. Бізді түк білмейді деп істеп отырғандары. Беделді, тәжірибелі, жасы 70-ті алқымдап қалған менеджер Джон Брайс Гивеннің мақсаты - Қазақстаннан үлкен тапсырысты қалайда алу. Маған «Сен кімсің? Жай суретшісің» дейді кемсітіп. Намысқа тырысып, банкнотпен бетіне бір соқтым. Дереу елге, Ұлттық банкке телефон шалдым. Жарты сағаттың ішінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің өкілі - Хайролла Ғабжәлелов» деген факс келді. «Егер тыңдамаса, қайтыңдар, басқа фирмамен келісімшартқа отырамыз» деді. Әлгінде мұрнын шүйіріп тұрған ағылшындар зыр жүгіріп, құрақ ұшты. «Теңгемізді шығарамыз» деп масайрап жүргенімізбен, ол кезде Қазақстан мемлекет ретінде танымал емес еді. Бізді тіпті, адам деп санап тұрған жоқ. Біздің оған көзіміз жетіп, айқай-шу болды. Біз әрбір теңгенің сапасы жақсы болуы үшін жанталастық.
Банкноттарымыздың сапасының жоғарылығы, дизайны және екі мемлекеттің арасын экономикалық тұрғыдан жақындатқаны үшін «Харрисон және оның ұлдары» фирмасына Ұлыбританияның корелевасының алтын белгісі берілді. Сол кезде басылған теңгелер әлі күнге қорғаныштық қабілетін жоғалтқан жоқ.
Хайролла ағаның «жоқтан бар жасалды» деген сөзінің жаны бар. Ол кезде елімізде ақшаны бастыратын фабрика жоқ еді, тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол кезеңді «Президенттің үлкен ойыны» фильмінде «Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді» деп еске алады. Осындай кезеңде елімізде қаржылық реформа жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаев: «Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. Төрт «Ил-76» ұшағын жалдап, ақшамыздың 60 пайызын елге тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон - Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен «ақшаны енгізу күні» деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны - ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар». 1993 жылы 1 қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына «Х» күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал, араға үш күн салып Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ұлттық валюта - теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. 1993 жылы 3 қарашада Президенттің Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа маңызды мәселелер айқындалды».
Айналымға теңге енгізілген 1993 жылы біз студент едік. Қарашаның 13-інде республикалық барлық газеттер жаңа валютаның суреттерін берді. Радио-телевидение де бұл жаңалықты үздіксіз хабарлап жатты. Елдің бәрі кезекке тұрып қолындағы Кеңес Одағынан мұра болып қалған құны жоқ, уыс-уыс сабан ақшаны жап-жаңа, дизайны көздің жауын алатын ұлттық валюталарымызға айырбастап жатты. Төл теңгемізді көрген қариялар тіпті, көзіне жас алғанының да куәсі болдық. Ол кездері біз де жас болдық, көп нәрсенің мәнін түсініп, байыбына бара алған жоқпыз. Тап сол кезде үлкен тарихи сәтті басымыздан өткізіп жатқанымызды кейіннен ұқтық. Осылайша, Қазақ тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларымыз - ағартушы әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай, күйші Құрманғазы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай, Әбілқайыр хан мен Абылай хан бейнеленген теңге халықтың арасына ене берді. Бұл - елдің рухын көтерді!
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ