Таркан: Қазақ халқының өзіме ықыласы айрықша екенін сезіндім
Таркан - репертуарына ағылшынша ән қоспай, ана тілінде шырқап, Еуропаны, Американы бағындыра білген өнерпаз. Өз елінде «Поп музыка ханзадасы» атанып кеткен әншінің күйтабақтары 29 миллион данамен сатылыпты.
Тарканның өзге әншілерден өзгешелігі сол, ол көбіне жанды дауыста орындайды. Бұл жолы да еш үзіліссіз қатарынан 20 әнді орындап шықты.
Осы орайда әнші Ұлттық телеарна тілшілеріне эксклюзивті сұхбат берген болатын. «Концерт жоғары деңгейде өтті. Халық мұнша көп жиналады деп күтпеп едім. Қазақстанда да жанкүйерлерімнің барына қатты қуанып отырмын. Жастар әр әніме қосылып, билеп жатты. Әнші үшін мұнан асқан бақыт бар ма?», - дейді әйгілі әнші.
Келер жылы әлемдік турне өткізуді жоспарлап отырған әнші: «Америка, Австралия, Еуропаның бірқатар елдеріне бару жөнінде келісімшарт әзірленді. Қазір жаңа альбом шығару үстіндемін. Жаңа деген екі-үш ән жазудамын. Бір орында тұрмаймын, жаңашыл болуға тырысамын. Жиі таңғалдырып тұрмасаң, көрермендеріңді жоғалтып аласың. Менің басты ұстанымым: тыңдарманның көңілінен шығу, оның сұранысына сай болу. Сахнаға шыққанымда тыңдармандар мені жатсынбады. Бауырлас ел екеніміз бірден білінді. Қазақ халқының өзіме деген айрықша ықыласын сездім. Түрік пен қазақ халқының арасындағы достықтың нығая беруіне тілектеспін», - дейді.