«Тарланбоз» және «Менің жалғыз серігім» атты су жаңа кітаптар оқырманға жол тартты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, М.Әуезов атындағы Ұлттық жүлденің, халықаралық Шолақов атындағы жүлденің иесі, тарихи романдар авторы Дүкенбай Досжанды еске алу кеші өтіп, «Тарланбоз» атты кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, Дүкенбай Досжанның өмірдегі, әдебиеттегі серігі Сәуле Досжанның асыл жарына деген сағыныштан туған «Менің жалғыз серігім» атты кітабы оқырманға жол тартты.

Дүкенбай Досжан 2013 жылы қыркүйектің он төртінде дүниеден өткен. 1942 жылы сұрапыл соғыс кезінде туған Дүкенбай небары 15 жасында «Көкпар» атты әңгімесін жазған екен. Ал, қазірде жазушының шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылып, 3,7 миллион тиражбен шыққан. Жазушы 24 жасында «Отырар» повесін жазып, тарихи романға қалам тартқан алғашқы қазақ жазушыларының бірі атанады. Айта кетейік, бұл кісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабық архивіне барып, дерек алған алғашқы жазушы. Сол архивтің құжаттары негізінде 1992 жылы «Түрме» және 1993 жылы Желтоқсан оқиғасы туралы «Алаң» атты көркем роман жазып шыққан.

Міне, бүгін, жазушыны еске алуға арналған «Тарланбоз» кітабымен қатар, жазушының аяулы жары Сәуле Досжанның да «Менің жалғыз серігім» атты сырлы кітабы жарық көрді. Сәуле Досжан Дүкенбай жазушының мұрасын сақтап, аманатын арқалап келеді. Сондықтан болар, жазушының әдебиеті мен мұрасы оқырманға жетсін деп, жас ұрпақ оқып-білсін деп, бүгін Ұлттық академиялық кітапханадан Дүкенбай Досжанұлына арнап «Жазушы» залын ашты. «Жазушы» залына Дүкенбай Досжанның кітаптары, марапаттары, жазу үстелі мен шығармашылығында тұтынған заттары, естелік суреттер қойылған.

Жалпы, Дүкенбай Досжанды еске алу кешіне ҚР Парламентінің депутаттары, елімізге танымал ақын-жазушылар, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм және слайд көрсетіліп, жазушы, теледраматург Сұлтан Оразалин, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, қаламгердің жары, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәжілісінің қызметкері, жазушының жары Сәуле Досжанова естеліктерімен бөлісті.