Тартып міндің ат жалын. Атқа мінгізу дәстүрі
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агенттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.
Атқа мінгізу
Баланы тұңғыш атқа мінгізу – қазақ тəлім-тəрбиесіндегі мəн-мағынасы терең, тəрбиелік қуаты күшті салттарының бірі. Баланы атқа мінгізуден бұрын əр отбасы алдын ала балаларына ашамай, кішкене ер-тұрман əзірлетіп, мінетін тай-құнандарын жуасытып, баласы өз тізгінін өзі алып жүретіндей болғанда, сəтті бір күні ел-жұрт, бауыр-туыстарын шақырып, «ашамай тойын» жасап атқа мінгізеді. Мұнда көпті көріп, көп жортқан қариялардың бірі баланы: «Әуіп, бісміллə!» деп қос қолмен көтеріп атқа мінгізіп: – Міне, бүгін азамат боп атқа қондың, өмір жолың ашық болсын, дұшпаның қашық болсын! Шу, жануар! – деп бала мінген атты жүргізіп жібереді. Баланың атының басын ұстап тұрған ересек екі адам:
– Тартып міндің ат жалын,
Сəтті болсын шапқаның.
Тəтті болсын татқаның,
Дүбірлетіп далаңды,
Бақ-дəулеттің тап бəрін! – деп екі жағынан демеп атты жетелей жөнеледі.
Бұл баланың алғаш рет ат жалын тартып мінуі, өмірге бір азамат ретінде тұңғыш қадам басуы болып есептеледі. Бала алғаш атқа мінгенде жығылмау керек. Қазақ халқы: «алғаш ат жалын тартып мінгеннен бастап...» деп тұңғыш атқа мінген күнді өмір сапарына балайды. Ертеде қазақ халқы ат – адамның қанаты, серігі деп біліп, атты қуса жететін, қашса құтылатын басты көлігіне балаған. Баланы атқа мінгізу арқылы оларда «азамат болдым, ел қажетіне жарайтын шағым таяды» дейтін жауапкерлік сезімін тудырып, ерлікке, ептілікке баулиды.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.