12:25, 20 Наурыз 2009
Тәртіп сақшылары арнайы шара барысында соңғы екі тәулікте жасалған қылмыстардың барлығын әшкереледі
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астаналық тәртіп сақшылары екі күн қатарынан жүргізген «Құқық тәртібі» жедел -сауықтыру шараларының барысында қалада екі тәулік ішінде тіркелген 19 қылмыстың барлығын әшкереледі.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, жедел-сауықтыру шарасы наурыздың 18-і
мен 20-сы аралығында қылмыстық жағдайды сауықтыру, қоғамдық орындар мен көшеде болатын қылмыстардың алдын алу мақсатында жүргізілген. Аталмыш шараға қалалық департаменттің 1 мың 169 қызметкері жұмылдырылған. «Бұл бағыттағы жұмыстар барысында тәртіп сақшылары бұрын жасалған тағы 8 қылмысты ашып, іздеуде жүрген 4 қылмыскерді қолға түсірді. Сондай-ақ із-түзсіз жоғалып кеткен 4 азаматтың тұрғылықты жері анықталды. Елорда аймағында қылмыс жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 1 басшысы мен 2 мүшесі ұсталды», деді департамент бастығының орынбасары. Сондай-ақ оның айтуынша, осы шаралар кезінде есірткімен байланысты 6 қылмыс анықталып, 917,86 грамм есірткі заттары тәркіленген. «Қылмыстық әрекеттер мен түрлі құқық бұзудың алдын алу мақсатында біз бұрын сотталғандар мен шартты түрде сотталған азаматтарды да тексердік. Бұл бағыттағы жұмыстармен әкімшілік бақылауда жүрген және тәртіп сақшыларының назарындағы азаматтар да қамтылды. Сондай-ақ қаладағы сауда орталықтары мен ломбардтар, базарлар мен қылмыстық әрекеттер ең көп жасалатын аудандар да тексерілді. Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық-сауықтыру жұмыстарының барысында және «Астана есірткісіз қала» бағдарламасы аясында елордаға есірткі тасымалдайтын арнаның жолы кесілді. Есірткімен күрес басқармасының қызметкерлері наурыздың 18-і күні М. есімді азаматты ұстап, тексеру кезінде одан 1 килә героин тапты. Қазір ол уақытша оқшаулау абақтысына жабылып тергеу амалдары жүргізілуде», деді Ж.Битенов.