Тәртіп сақшылары бір аптада жасалған 1 мың 877 қылмыстың 1 мың 483-нің ізін суытпай ашты

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада елдегі қылмыстық жағдай тұрақты болды.

 Қыркүйектің 20-сы мен 26-сы аралығында елде 1 мың 877 қылмыс жасалып, оның 1 мың 483-нің ізі суымай ашылды. Сондай-ақ 395 бұрын жасалған қылмыстың беті ашылды. Бұл деректерді бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте аталмыш министрліктің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның  айтуынша, аталған мерзімде есірткімен байланысты 176 қылмыс тіркелсе, оның 55-і есірткіні саудалаумен байланысты болған. «Ақтау қаласы тұрғынының пәтерінен 170 грамм героин,  Маңғыстау облысындағы ауыл тұрғынынан 278 грамм табылды», деді департамент бастығы.

 Департамент бастығының сөзіне қарағанда, ұйымдасқан қылмыспен күрес саласында 15 іс қозғалып, 3 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Сондай-ақ іздеуде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың 1 мүшесі қолға түсті. «Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласына есірткі тасымалдап жүрген 3 әйелден құрылған қылмыстық топ құрықталды. Топты 55 жасар әйел азаматша басқарып келген. Ал Ақмола облыстық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жылжымайтын мүлік сатумен айналысып келген қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Бұларды Степногор қаласының 58 жасар әйел азаматшасы басқарып келген», деді Қ.Жұманов.