Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуаныш Жұманов баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, жантүршігерлік оқиға қарашаның 4-і күні Алматы қаласы Жетісу ауданындағы үйлердің бірінде орын алған. Аталмыш үйден кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің мәйіті мен пышақталып, өлімші етіп жараланған 8 жасар қыз бен әйел азамат табылған. «Полиция қызметкерлері аталмыш қылмысқа өзбекстандық 18 жасар Барной Абуллаеваны күдікті деп танып отыр. Оның бойы 150-155 сантиметр. Шашы қысқа және қара түсті. Толық денелі, оң қолы бинтпен оралған. Ішкі істер министрлігі аталмыш азамат жөніндегі мәліметтерді ақпарат құралдарында жариялауды сұрайды», деді министрлік өкілі.