Тәртіп сақшыларының қатарын ар-ұжданнан ада азаматтардан тазарту жұмыстары жалғасуда ? ІІМ-нің өкілі

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігіне берген тапсырмаларына сәйкес полиция қатарын ар-ұжданнан ада азаматтардан тазарту жұмыстары жалғасуда.

Бұл мәселеге байланысты мәліметтермен бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, өткен аптада, яғни сәуірдің 20-сы мен 26-сы аралығында Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері пара алған бірқатар полицейлерді анықтады. «Олардың арасында Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің су полициясы бөлімінің бастығы бар. Сонымен қатар Қарағанды облысында учаскелік полиция қызметкері мен тергеуші парақор болып шыққан. Ал Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында Ішкі істер департаментінің тергеушілері пара алғандары үшін жауапқа тартылып жатыр», - деді департамент бастығының орынбасары. Оның полиция қызметкерлерінің пара алу әрекеттеріне байланысты жүргізілген сараптау қорытындыларына сүйене отырып келтірген мәліметтеріне қарағанда, тәртіп сақшылары жасайтын қылмыстардың жартысынан аз бөлігін ғана ішкі істер органдарының өкілдері анықтайды. «Қазір министрлік басшылары осы бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөліп отыр. Сонымен бірге қазір ішкі істер саласының Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы органдарымен байланыстары тереңдеп келеді», - деді Е.Уәли.