Тәртіп сақшысын қағып кеткен аудандық қорғаныс бөлімі бастығына қатысты қылмыстық іс қозғалды - БҚО

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 26 наурыз күні кешкі сағат 21.50-де Қазталов ауданы орталығы Қазталов ауылындағы Ш.Шарафеддинов көшесінде қызмет бабымен жүрген 1993 жылы туған учаскелік инспекторды Daewoo Nexia автокөлігі қағып кеткен болатын.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөліміне сәйкес (жол қозғалысы ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғалды.

Осы оқиға бойынша Орал гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Алтынбай Раев түсінік берді. «Оқиға орын алғаннан кейін автокөлік рулінде болған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Юрий Қауысов үйіне кетіп қалған. Ішкі істер органдарының қызметкерлері барып, дәрігерлік сараптама жүргізген кезде жеңіл дәрежеде ішімдік ішкені анықталған. Бұл іс облыстық прокуратура арқылы бізге түседі. Содан кейін оны әскери полиция қарайтын болады», - деді А.Раев.

Еске сала кетсек, қазіргі кезде учаскелік инспектор облыстық ауруханада ем алуда.