«Тарыны екпей ме, әлде, өтпей ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Қазақстан басшысының идеялары сәтті іске асырылуымен бағалы» тақырыыбында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаевпен арадағы сұхбатты жариялап отыр. «Елбасымыз бірнеше рет атап өткендей, біздің елдерімізді жақындастырушы негіз тек экономика болып табылады. Интеграцияның негізінде өзара тиімділік, теңдік пен эволюцияшылдық, кезеңділік пен прагматизм, практицизм, саяси егемендіктің бұлжымастығы мен интеграциялық қадамдардың дәйектілігі жатуы тиіс. Осы мамыр айының соңында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт қабылдау жоспарлануда және Қазақстан, Ресей, Беларусь жаңа технологиялық тәртіпке бірлесіп секіріс жасау ниетінде. Бірақ, Қазақстан да, Ресей де, Беларусь те өзіндік ұлттық мүдделері бар тәуелсіз мемлекеттер болып қала береді», - дейді С. Ордабаев.

Бас басылымда «Тарыны екпей ме, әлде, өтпей ме?» деген тақырыппен көлемді мақала басылған. Қазақтың ұлттық тағамдарының ішінде тарының орны бөлек. «Тары әсіресе, батыс өңірінде бағалы. Тіпті, сонау алпысыншы жылдарға дейін қазақ дастарқанындағы ең негізгі тағам болғаны да шындық. Соғыстан кейінгі студенттердің тарыны, жентті талғажау етіп оқығандарын да естіп жүрміз. Жалпы, тары ұзақ мерзімге сақталатын құнды дақыл екені әлдеқашан дәлелденген. Күні кешегі кеңестік кезеңде де тарының «таланы» жүріп тұрды. Ұзақ мерзімге сақталатын және құнарлы тағамдық дақыл ретінде стратегиялық қорда ұсталғаны белгілі. Көп санды Кеңес Армиясының негізгі тағамы болуы да сондықтан», - деп жазады мақала авторы. Ғалымдар тарының шығу тарихы V-VII ғасырлардан тамыр тартады деп жазып жүр. Әлемде тарының бес жүзден астам түрі өсетіні туралы да деректер бар. Бұл бағалы дақыл тұңғыш Шығыс елдерінде, соның ішінде Үндістан, Моңғолия мен Алтайда шыққан деген пайымдаулар алға тартылуда.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова экономика саласына кадр даярлау мәселесіне және зейнетақы жүйесін жаңарту тұжырымдамасына қатысты пікір білдірді. «Бұған дейін экономика саласында еңбек етіп жүрген мамандардың сапасына сын садағы тартылып келді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз салаға қатысы бар субъектілердің қарым-қатынасын нығайтуға кірістік. Осы уақытқа дейін Үкімет, министрлік, бизнес,Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өндіріс пен оқу орындары және оқушылар арасында тығыз байланыс қалыптаспады. Соның салдарынан түрлі кемшіліктерге жол берілді», - деді Үкімет басшысының орынбасары. Оның пікірінше, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін 1998 жылы қаралған кәсіби стандарттарға қайта айналып соғу қажет. Себебі, одан бері талай технология мен өндіріс өзгерді. Осы мәселені арқау еткен мақала басылымда «Зейнетақы жүйесі жаңартылады» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «100 мың оқушы сынаққа қатысады» атты материал жарияланды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты республикалық ата-аналар жиналысы еліміздің 17 қаласында бір мезгілде өтеді. Расында да, толғандыратын сауал көп. Мектеп түлектері бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыруға қалайша дұрыс дайындалуы керек? ҰБТ тапсыру қарсаңында талапкерлердің ата-аналары нені білуі тиіс? Алдағы ҰБТ-ге моральдық тұрғыдан қалай әзірлену керек? Дәл осындай сауалдарға «Жасөспірімнің ҰБТ тапсыруға дайындығы кезінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсету» тақырыбындағы жиын барысында ата-аналарға жетекші және кәсіби мамандар жауап табуға көмектеседі. Бұл туралы «Отбасылық тәрбиелеу институтының» баспасөз қызметі хабарлады. Алдын ала белгілі болғандай, оған 45 000 мектеп түлегінің ата-аналары қатысады. Жасөспірімнің ҰБТ тапсыруға дайындығы кезінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсетуге байланысты мәселелерді талқылайтын мұндай ауқымды жиналыс Қазақстанда алғаш рет өткізілмекші. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша, биыл 1-15 маусымы аралығында 154 ҰБТ өткізу орталықтарында 100 мыңнан астам мектеп түлегі тестілеуден өтпек.

***

«Жас қазақ» газетінің интернет нұсқасында «Ауғандағы қазақтар» деген тақырыппен мақала берілген. Ауғанстандағы Қазақстанның консулдығынан алған мәліметтерге сүйенсек, Ауғанстанға қазақ диаспорасы өкілдерінің негізгі бөлігі шамамен өткен ғасырдың 30-жылдарында қоныстанған (бұған дейін де қазақтар көшіп келген, бірақ олардың ұрпақтары этникалық-туыстық қатынастарын және мәдени байланыстарын жоғалтқан). Қазіргі уақытта Ауғанстан Ислам Республикасындағы этникалық қазақтардың жалпы саны 25 отбасыға жуық (140 адамдай) олар, негізінен, елдің солтүстік аймақтарын мекендейді. Ауғанстандағы этникалық қазақтардың көп мекендеген жері - Құндыз провинциясы, қалғандары: Балхта - 7 отбасы, Бағланда - 7 отбасы, Тахарда - 1 отбасы, Фарабта 1 отбасы қоныстанған. Олардың арасында аралас некенің үлесі жоғары (әйелдері - өзбектер мен тәжіктер), осыған байланысты жастар қазақ тілін білмейді. Қазақтар қыздарын басқа ұлттарға ұзатпауға тырысады.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Охранник, который не разгадывает кроссворды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жақында Қазақстанда күзетші роботтар пайда болуы мүмкін. Себебі, оларды күтіп ұстауға жұмсалатын қаржы, күзетші адамға төленетін айлыққа қарағанда үнемдірек болмақ.

Сарапшы Ғазиз Сарбұлақовтың айтуынша, қазіргі кезде әлемде электронды мергендер сұранысқа ие болуда. Шетелдерде оларды дәулетті адамдар мен «ақылды үйлердің» иелері сатып алуда.

«Бұл роботтар қолдан құрастырылады және олар пневматикалық қорғасын шарлармен оқ атады. Олардың жадысы үй иелері мен қызмет етушілерді танып, ажырататындай етіп жасалады», - дейді ол. Егер де белгісіз біреулер дуалдан өтуге талпынған жағдайда робот алдымен ескерту жасайды, содан кейін пневматикалық қарудан оқ жаудыра бастайтын көрінеді.