Көктемде - жәндіктер көбейеді. Соның ішінде ең қауіптісі - тас кенелер. Кене белсенділігінің маусымы сәуірден қазан айына дейін, ал олардың белсенділігінің шыңы мамыр және маусымға келеді. Кенелер адамға тек орманда ғана емес, сонымен қатар қалалық саябақтарда, бақтарда, бақшаларда шабуыл жасайды. Кене үйге үй жануарларының жүнімен немесе жабайы гүл шоқтарымен келеді.
- Әсел Тоқанқызы, сөзімізді анықтамадан бастасақ кене энцефалиті дегеніміз не?
- Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы вирустық ауру. Аурудың салдары: толық сауығудан мүгедектікке және өлімге әкеледі.
- Ауруды қалай жұқтырып алуға болады?
- Кене адамдарды орманда, саябақта, жеке бау-бақша учаскелерінде және кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақтарға бару кезінде шағып алуы мүмкін. Сондай- ақ кене үйге жануарлар (ит, мысық) немесе адамдардың киімімен, гүлмен келеді. Ешкінің (көбінесе), қойдың, сиырдың шикі сүтін ішкенде, кенелердің оларды жаппай шағуы кезінде вирус сүтте болуы мүмкін. Сондықтан кене энцефалитінің қолайсыз аймақтарында бұл өнімді тек қайнағаннан кейін қолдану керек. Сонымен қатар, кенені ұсақтап жаншу немесе шаққан жерді тырнаған кезде вирус теріге ысқылағанда жұқтырып алуға болады.
- Энцефалиттің белгілері қандай?
- Инкубациялық (жасырын) кезең әдетте 10-14 күнге, 1 күннен 30 күнге дейінгі аралықта созылуы мүмкін. Ауру жедел түрде басталады, қалтырау, қатты бас ауруы, температураның 38-39 градусқа дейін күрт көтерілуі, жүрек айну, құсу сияқты белгілер пайда болады. Көбінесе мойын мен иықта, кеуде және белде, аяқ-қолда бұлшық ет ауырсынуы мазалайды.
- Аталған инфекцияға кімдер бейім болады?
- Барлық адамдар жасына және жынысына қарамастан кене энцефалитімен инфекцияға бейім. Қызметі орманда болумен байланысты адамдар – ағаш өңдеуші кәсіпорындардың, геологиялық барлау ұйымдарының қызметкерлері, автомобиль және темір жол, мұнай және газ құбырларын, электр желілерін салушылар, топографтар, аңшылар, туристер ең қауіпті топқа жатады. Қала адамдарын қала маңындағы орманда, саябақта, бау-бақша учаскелерінде жүргенде кене шағып, ауру жұқтыру мүмкін.
- Кене энцефалитінен қалай қорғануға болады?
- Жеке қорғаныс шаралары және кене энцефалитіне қарсы вакцинация – кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы. Кене энцефалитінің табиғи ошағына барған кезде, яғни тауға, орманға, Алматы қаласының маңында орналасқан лагерьлер мен сауықтыру орындарында кененің шағуына жол бермеу бойынша мына сақтық шараларын сақтау керек:
- шөпке отыруға, жатуға болмайды, киімді, денені және заттарды жиі тексеріп, үйге оралғанда да киім мен денеде кененің бар – жоғын мұқият тексеріп алыңыз;
- біріңғай және ашық түсті киімдер киіп, шалбарды етікке, шұлыққа, киімнің жоғарғы бөлігін – шалбарға салыңыз, жең манжеттері қолыңызға мықтап орналасуы керек, көйлек жағалары мен шалбарының астында кене жүре алмайтын бекіткіштер болуы керек; көйлекке, күртешеге тігілген капюшон киіңіз немесе басқа орамал тартыңыз;
- кенелерді үркітетін заттарды – репелленттерді қолдану қажет. Сонымен қатар, кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцинация екенін есте ұстаған жөн.
- Кене энцефалитіне қарсы вакцинаны қайда және қалай жасауға болады?
- Кене энцефалитіне қарсы екпені тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханалардан (немесе тіркелген жері бойынша) дәрігердің кеңесінен кейін тегін алуға болады. Вакцинациялау курсы 1-7 ай аралығымен екі екпеден тұрады. Екпені жыл бойына, соның ішінде эпидемиологиялық маусымда да жүргізуге болады. Алайда, соңғы екпе кене инфекциясының ошағына шықпастан екі апта бұрын аяқталуы керек екенін әрқашан естен шығармаған жөн. Бірінші және екінші егулер арасындағы ең оңтайлы аралық 5-7 ай (күз-қыс). Эпидемиологиялық маусымда кене энцефалитінің ошағына екінші вакцинация жүргізілгеннен кейін 2 аптадан соң баруға рұқсат. Ревакцинация вакцинациялау курсынан кейін бір жылдан кейін жүргізіледі. Кейінгі ревакцинациялар әрбір 3 жыл сайын жүргізіледі.
- Кене шаққан жағдайда не істеу керек?
- Жабысқан кене анықталған жағдайда, кене шаққаннан кейін 4 күн ішінде білікті медициналық көмек көрсетілетін және кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу жүзеге асырылатын серопрофилактика пункттеріне жүгіну қажет. 96 сағат ішінде кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу керек. Денеге жабысқан кенені өзіңіз алып тастамауыңыз керек, кенені ұсақтауға тырыспаңыз. Бұл өте қауіпті. Егер қолыңыз сырылып кеткен болса, вирус қанға енуі мүмкін.
Алматы қаласында кене энцефалитінің шұғыл серопрофилактикасы мына медициналық ұйымдардың травмотологиялық бөлімшелерінде жүргізіледі:
Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6) – Бостандық және Медеу аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
№4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220) – Жетісу және Түрксіб аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
№7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман ықшам ауданы, Райымбек даңғылы, 20) – Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96, тел 292-31-01) – Алмалы ауданының ересек тұрғындарына қызмет көрсетеді;
Медициналық жедел жәрдем көрсететін балалар орталығы (Манас көшесі, 40, тел. 2748319) – қаланың барлық аудандарының 17 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балалары мен жасөспірімдері үшін қызмет көрсетеді.
– Былтыр медицина мамандарының көмегіне қанша алматылық жүгінді?
- Алматы қаласының айналасының аумағы кене энцефалитінің эндемиялық аймағына жатады. 2022 жылы қала бойынша медициналық ұйымдарға кене шағуы бойынша 3084 адам жүгінген, оның ішінде 1519-ы (49,2%) 14 жасқа дейінгі балалар. Барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізілді. Кене энцефалитінің 7 жағдайы және кене боррелиозының 9 жағдайы тіркеліп, барлық науқастар стационарда дер кезінде ем алды.
- Әңгімеңізге рахмет!
23:30, 11 Наурыз 2023
Тас кенеден сақтану үшін нені білген жөн - эпидемиолог
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көктемнің басталуымен қауіпті ауру - кене энцефалитінің тасымалдаушылары иксодты кенелердің белсенділігі артады. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова ҚазАқпарат тілшісіне вирустың белгілері мен кенеден қалай қорғану керектігі туралы айтып берді.