Ташкент модернизмінің 10 сәулет нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Ташкент модернизмінің он сәулет нысаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Тиісті шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданғанын Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігі хабарлады.

Фото: Pixabay

«Ташкент модернизмінің сәулеті. Орталық Азиядағы модернизм мен дәстүр» атты ұлттық номинацияға ХХ ғасырдың екінші жартысында бой көтерген 10 көрнекті сәулет ескерткіші енді.

Олардың қатарында «Жемчуг» тұрғын үйі, Өзбекстанның Мемлекеттік тарих музейі, «Халықтар достығы» өнер сарайы, Өзбекстанның Мемлекеттік өнер музейі, Ташкент мемлекеттік циркінің ғимараты, Көркемөнер академиясының Орталық көрме залы, Ұлттық кино өнері сарайы, «Чорсу» базары, «Космонавтар» метро станциясы, сондай-ақ Ташкент облысындағы «Күн» (Солнце) гелиокешені бар.

Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігінің мәліметінше, бұл нысандар өз дәуіріндегі жаңашыл сәулет шешімдері мен Орталық Азияның ұлттық дәстүрлерін үйлестірген бірегей сәулет кешені саналады.

Аталған сәулет ансамблі Өзбекстанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алтыншы мәдени мұра нысаны болды. Сонымен қатар бұл – соңғы 25 жыл ішінде елдің жеке ұлттық номинациясы ретінде осы мәртебеге ие болған алғашқы жоба.

Сондай-ақ Өзбекстан Орталық Азия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) кеңістігінде ХХ ғасырдағы модернистік сәулет мұрасын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізген алғашқы мемлекет атанды.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың дәстүрлі фарфор өндірісі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген болатын.