Ташкент – Орал бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының халықаралық әуежайы арқылы әуе рейстері жеті бағыт бойынша қатынайды.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде төртеуі республикалық (Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау) және үшеуі халықаралық (Франкфурт, Фукуок, Шарм-Эль-Шейх) бағытта ұшып жүр.

Нариман Әлібекұлының сөзіне қарағанда, 2026 жылдың наурыз айында жаңадан Ташкент – Орал рейсі ашылады.

- Күні бүгін 2 желтоқсаннан билеттер сатылымы басталды. Рейстерді «Centrum» әуе компаниясы аптасына екі рет орындайды, - деді Н.Темірғалиев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста автобустар 4 халықаралық (Самара, Орынбор, Тольятти, Саратов) және 1 облысаралық (Атырау) бағытта жолаушылар тасымалдайды. Сондай-ақ 27 ауданаралық маршрутқа 21 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Барлық 12 аудан орталығы автобус маршруттарымен қамтылған. 

- Аудандарда такси құнының өсуіне байланысты автобустарда жолаушылар саны артып, жаңа маршруттар ашу туралы әкімдіктерден ұсыныстар түсіп жатыр. Жыл сайын 2-3 рет жолаушылар мен багажды автомобильмен республикаiшiлiк тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына арналған конкурстар өткізіледі. 2024 жылды 22 маршрутпен аяқтасақ, биыл олардың саны 27-ге жетті, - деп қосты Н.Темірғалиев.

Басқарма деректеріне сәйкес өңір арқылы теміржолмен халықаралық Алматы - Саратов, облысаралық Орал - Астана, Орал - Алматы, Орал - Маңғыстау және ауданаралық Орал - Семиглавый Мар, Орал-Шыңғырлау жолаушылар пойызы өтеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атыраудан Оралға ұшатын рейстің тоқтатылғанын жазған болатынбыз.