Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, халықаралық турнир 28 қазан мен 2 қараша аралығында ұйымдастырылған. Оған өңір атынан «Jas Batir», «Nomad Akademiya» және «Skaut» жекеменшік футбол мектептерінің командалары қатысқан. Жас спортшылар 2014, 2018 және 2019 жылы туған балалар арасындағы үш жас санатында сынға түскен.
Турнирге Қарағанды облысынан барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Сапар шығындары жеке қаражат есебінен өтелген.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта Ташкент қаласындағы № 5 қалалық инфекциялық ауруханада 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана емделіп жатыр. Олардың барлығы G’ayrat Hoji ota hotel қонақүйінде тұрып, тамақтанған.
Бұған дейін жас футболшылардың ата-аналары әлеуметтік желілерде балалардың жаппай сырқаттанғаны туралы хабарлаған. Аналардың бірінің айтуынша, балалардың денсаулығы 30 қазанда таңғы астан кейін күрт нашарлаған.
Олардың дене қызуы көтеріліп, құсу және іш өту белгілері байқалған. Ата-аналар бұған қонақүйде берілген тағам себеп болуы мүмкін деп топшылаған.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі турнирге қатысушылардың ауруханаға түскенін растаған еді. Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар зардап шеккендердің жақындарымен және Өзбекстанның медициналық мекемелерімен тұрақты байланыста.