Ташкентте Азиядағы регби спортының дамуы талқыланды
Өзбекстан Ұлттық университетінің стадионында регби-7 бойынша “Open Central Asia Championship” жарысы өтті, деп хабарлайды Kazinform UzA-ға сілтеме жасап.
Турнирге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 100-ден астам регбиші қатысып, командалар өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша ерлер арасындағы жарыста Өзбекстан-1 және Өзбекстан-2 командалары алтын және күміс медальді еншіледі, қола жүлдені Қырғызстан өкілдері иеледі.
Әйелдер арасындағы матчтардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Қалған жүлделер Өзбекстанның регби командаларына бұйырды.
Чемпионат аясында Азия регби федерациясының 2023 жылдың қорытындысы мен келесі жылға арналған жоспарларына арналған жиын ұйымдастырылды.
Азия регби федерациясының президенті Каис Аль-Дхалаи мен федерацияның атқарушы комитетінің мүшелері қатысқан жиында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Регби-7 және регби-15 жарыстарына ұлттық құрамалардың қатысуын қамтамасыз ету, төрешілік және жаттықтырушылық қызметі бойынша оқу курстарында білім алу, беделді жарыстарға дайындық сынды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында Азия регби федерациясының басшылары Ташкентте регби-7 түрінен “Open Central Asia Championship” жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.