Ташкентте екі мың орындық ковид орталықтары ашылмақ

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймақтағы Өзбекстанның астанасында COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған бөліну орталықтары жұмысын қайта жандандырады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Астана әкімдігінің дерегінше, Ташкентте «Узэкспоцентр» көрме орталығы, «Универсал» және «Ëшлик» спорт кешендерінің базасында орналасқан ковид орталықтары жұмысын жандандырмақ.

Мұндай тапсырманы қала басшысы Джахонгир Артыкходжаев «Ëшлик» спорттық-сауықтыру кешеніне бару барысында берді. Ол жерде бүгіннен бастап 504 төсек орын мен 60 науқасқа арналған жансақтау бөлімі бар ковид орталығы ашылды.

Сонымен қатар осы аптаның соңына дейін «Универсал» спорт кешенінде 770 орындық және «Узэкспоцентр» көрме орталығында 700 науқасқа арналған бөліну орталықтарының ашылуы жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, Ташкентте 2 мың науқасқа арналған төсек орын дайындалады.

Бұдан бұрын Ташкентте ковид орталықтары пандемияның бірінші толқыны кезінде ашылған болатын, дегенмен кейіннен жұқтыру оқиғаларының азаюына байланысты 2020 жылдың желтоқсанында жабылып қалды.

Еске сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты Өзбекстанда 28 маусымнан бастап карантинк шаралар күшейтілген. Өзбекстан астанасы екі апталық карантинге жабылған.


Мәдибек Жәнібеков