Ташкентте ислам өркениетінің тарихына арналған халықаралық форум өтіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында «Ислам өркениеті: бейбітшілік, толеранттылық және ағарту» атты халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ислам өркениеті орталығында ұйымдастырылған іс-шарға 50 мемлекеттен келген 300-ден астам шетелдік қонақ қатысып отыр. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер, мүфтилер, ғалымдар, танымал исламтанушылар және қолжазба мұрасын зерттеуші мамандар бар.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қатысушылар ислам өркениетінің тарихы, мәдени мұраны сақтау, цифрландыру, мәдени дипломатия, сондай-ақ Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан рухани-ағартушылық реформаларды талқылап жатыр. Форумда алғаш болып сөз алған көршілес ел президентінің кеңесшісі Хайриддин Султанов Шавкат Мирзиёевтің құттықтау хатын оқып берді.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Жаңа Өзбекстан үшін үшінші Ренессанстың берік негізін қалыптастыруда заманауи білім беру жүйесін дамыту айрықша маңызға ие. Осы мақсатта кейінгі жылдары елімізде діни-ағартушылық саланы одан әрі жетілдіру, ата-бабалар мұрасын зерделеу және ғылыми зерттеулер жүргізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды, — делінген Шавкат Мирзиёевтің қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысып отыр.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ауқымды іс-шара 11 шілдеге дейін жалғасады. Форум Ташкенттен кейін Самарқанд және Термез қалаларында өтеді.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қоса кетсек, бұған дейін Түркістан қаласы 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды.