Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының хабарлауынша, 1 қарашада Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы ас кезінде балалар мен оларды ертіп барған туыстары шала піскен жұмыртқа мен шұжық жеген. Арада көп уақыт өтпей, 13 адамның денсаулығы нашарлап, олардан құсу, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған.
Улану белгілері бар балалар мен ата-аналар жедел жәрдем бригадалары арқылы Эпидемиология, микробиология, жұқпалы және паразиттік аурулар жөніндегі республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталыққа жеткізілген.
Осы оқиғаға байланысты Чиланзар ауданының прокуратурасы Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 276¹³-бабында көзделген санитариялық заңнама талаптарын немесе эпидемияға қарсы күрес қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қазіргі уақытта Чиланзар ауданының Ішкі істер басқармасы жанындағы тергеу бөлімі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін алғашқы тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, Қарағанды облысының жас футболшылары Ташкентке Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу үшін барған. Өңір намысын Jas Batir, Nomad Akademiya және Skaut атты үш жекеменшік футбол мектебінің тәрбиеленушілері қорғаған.
Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, медициналық көмекке барлығы 19 адам жүгінген. Олардың 17-сі, оның ішінде 11 бала мен алты ересек адам ауруханаға жатқызылған.