Ташкентте кеңсе сейфінен 560 000 доллар ұрлағандардың біреуі ұсталды

Фото: видеодан алынған кадр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Ташкенттің Миробод ауданында екі адам компания кеңсесінен ішінде 560 мың АҚШ доллары бар сейфті ұрлап кеткен. Бұл туралы Ташкент қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқиға 22 маусымға қараған түні болған. Күдіктілер оқиға орнына Gentra көлігімен келген. Олар компания директорының кабинетіне кіріп, құжаттарын, флеш-картасын және 560 мың доллары бар сейфті ұрлап кеткен.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасындағы жазбаларды зерделеу арқылы ұрыларды анықтады.

Тәртіп сақшылары Әндіжан қаласында жасырынбақ болған күдіктілердің бірін ұстады. Ол туыстарының үйінде ұсталып, Ташкентке әкелінді.

Анықталғандай, сейфті ашқан құралдар осы тұлғалардың үйінен табылып, сейф суға лақтырылған.

Күдікті ұрланған ақшаның бір бөлігін сыбайласына бергенін айтты. Ол «Honda» мотоциклін сатып алып, Қырғызстанға қашу үшін өзі 10 мың доллар алып қалған.

ӨР Қылмыстық кодексінің 169-бабы (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір келтірілген шығын толығымен өтелді. Мотоцикл тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Өзбекстан халқының үштен бірінде ақша жинағы жоқ.